ӘЛЕУМЕТТІК ӘРІПТЕСТІКТІ НЫҒАЙТУ – БАСТЫ НАЗАРДА

Әлеуметтік әріптестік аясында бүгін Жамбыл облысы, Меркі ауданында арнайы жиын өтті.

Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепберген мен Меркі ауданының әкімі Мейірхан Өмірбек кәсіподақ қозғалысын дамыту және еңбеккерлердің құқы мен мүддесін қорғаудағы кәсіподақтардың атқаратын рөлінің маңыздылығын атап өтті.

М. Төлепберген сөз басында ҚР Кәсіподақтар Федерациясының төрағасы болып Ералы Лұқпанұлы Тоғжанов сайланғанын айтып, белгілі мемлекет және қоғам қайраткерінің еңбек жолымен қысқаша таныстырды.

Жиынға сол аудандағы бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері мен белсенді жас кәсіподақ мүшелері қатысты.

Өз кезегінде кәсіподақ қозғалысын дамытуға әлеуметтік әріптес ретінде елеулі үлес қосып жүрген аудан әкімі М. Өмірбек осы Меркі ауданында былтыр Республикалық Еңбеккер жастарының форумы және биылға сәуір айында «Жас келсе іске!» атты аймақтық форумы жоғарғы деңгейде өткізілген арнайы айтып, кәсіподақтардың атқарып жатқан жұмыстарына алдағы уақытта да қолдау көрсететінін жеткізді.

Биыл қазан айының 24-25 күндері Меркіде республикалық кәсіподақ ұйымдарының форумын өткізу жоспарланып отырғаны да айтылды.

Сондай-ақ жиында 10 қазан- Қазақстан кәсіподақтары күнін атап өту және «Қазақстан кәсіподағы» газетіне жазылу мәселелері бойынша ой бөлісті.