Қызылорда облысының кәсіподақтар орталығында «Қуатамлонмұнай» біріккен кәсіпорыны жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кәсіподақ ұйымы мүшелері және әкімшілік қызметкерлерімен кездесу өтті.
Кездесу барысында мұнай компаниясының 2018-2020 жылдарға арналып жасалған Ұжымдық шартына толықтырулар мен өзгерістер енгізу мәселесі қаралды.
Компанияның кәсіподақ ұйымының бастамасымен Ұжымдық шарттың бірнеше талаптарына өзгерістер енгізу ұсынылып отыр. Атап айтқанда, еңбеккерлердің үстеме жұмысы ақысы, еңбек демалыстарын ұйымдастыру, жұмыскерлерге және олардың отбасыларына әлеуметтік көмектер қарастыру, медициналық сақтандыруды арттыру және басқа да талаптар қаралған.
Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Серік Сермағамбетов тараптарға Ұжымдық шартқа толықтырулар мен өзгерістер енгізу тәртібі бойынша түсіндірмелер жасап, келісім ережелері бойынша өз ой-пікірін білдірді. Екі жақ тараптар диалог алаңында келісімді келіссөздер жүргізіп, тараптар мүдделерін жан-жақты ескере отырып, ортақ шешімге келуге келісті.