Әлеуметтік әріптестік аясында кездесу өткізілді

Қызылорда облысының кәсіподақтар орталығында «Қуатамлонмұнай» біріккен кәсіпорыны ​ жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің кәсіподақ ұйымы мүшелері және әкімшілік қызметкерлерімен кездесу өтті.

Кездесу барысында мұнай компаниясының 2018-2020 жылдарға арналып жасалған Ұжымдық шартына толықтырулар мен өзгерістер енгізу мәселесі қаралды.

Компанияның кәсіподақ ұйымының бастамасымен Ұжымдық шарттың бірнеше талаптарына өзгерістер енгізу ұсынылып отыр. Атап айтқанда, ​ еңбеккерлердің үстеме жұмысы ақысы, еңбек демалыстарын ұйымдастыру, жұмыскерлерге және олардың отбасыларына әлеуметтік көмектер қарастыру, медициналық сақтандыруды арттыру және басқа да талаптар қаралған. ​

Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Серік Сермағамбетов тараптарға Ұжымдық шартқа толықтырулар мен өзгерістер енгізу тәртібі бойынша түсіндірмелер жасап, келісім ережелері бойынша өз ой-пікірін білдірді. Екі жақ тараптар диалог алаңында келісімді келіссөздер жүргізіп, тараптар мүдделерін жан-жақты ескере отырып, ортақ шешімге келуге келісті.