Еңбеккерлердің мәселелері оң шешімін табуда

Маңғыстау облыстық Кәсіподақтар орталығы облыстағы мұнай-газ саласы жұмысшыларының әлеуметтік жай-күйін барлау мақсатында кездесулер өткізіп тұрады.

Облыстағы Халықаралық Мұнай сервистік компаниясының Ақтаудағы «СИНОПЭК» ЖШС филиалы жұмысшыларының наразылығына байланысты  кәсіподақтар орталығының төрағасы К.Жаулин мен орынбасары С.Бекгалыев компания директоры Чжу Куньмен кездесті.

Қазіргі таңда «СИНОПЭК» мердігер компаниясында барлығы 300-ден аса жұмысшы еңбек етеді. Оның 15-ы – шетел азаматтары. Негізгі тапсырыс беруші – «Бузачи Опрейтинг Лтд» және «Каракудукмұнай» компаниялары.

Сервистік компания «Хуабэй» және «Жунь Янь» жобалары бойынша күрделі жөндеу жұмыстары мен бұрғылау жұмыстарымен айналысады.  Жұмысшылардың наразылығына байланысты компания басшылығы мен жұмысшылар арасында жиналыс өткізіліп,  нәтижесінде вахталық жұмысшылардың еңбекақыны көтеру талаптары басшылық тараптан қанағаттандырылды.

«СИНОПЭК» ЖШС еңбек ететін жұмысшылардың кейбірі Ақтөбе облысына қарасты кәсіподақ орталығына тіркелген. Ал, қалған қызметкерлер жергілікті кәсіподақта тіркеуде жоқ. Осыған орай, алдағы уақытта жұмысшыларды «YNTYMAQ» салалық кәсіподағына шақыру келіссөздері жүргізілетін болады.