ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Ералы Тоғжановтың Халықаралық Қарттар күнімен құттықтауы

Қадірлі кәсіподақтар қозғалысының ардагерлері!

Құрметті әріптестер!

ҚР Кәсіподақтар федерациясы және жеке өзімнің атымнан Сіздерді Халықаралық қарттар күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Қазақ халқы бағзы заманнан бері «үлкенге – құрмет, кішіге – ізет» қағидасымен өмір сүріп келеді. Қадірлі қарияларымыз ұрпақтан-ұрпаққа мирас болған халық даналығының тасымалдаушылары болып саналды. Қазақ халқында «Төріңнен қарт кетпесін» деген тамаша дана сөз бар. Ата-бабаларымыздың мың жылдық даналығын сақтай отырып, біз, қазіргі ұрпақ үлкендерге құрмет пен қамқорлық танытамыз, ыстық ықыласымызды білдіреміз.

Қарттарымыздың өмір жолы – бүгінгі жас ұрпаққа қайталанбас үлгі.

Сіздердің өнегелі өмір жолдарыңыз бен мемлекеттің өсіп-өркендеуі жолындағы ерен еңбектеріңіз зор құрметке ие.

Осындай мерейлі күні кәсіподақтар қозғалысы ардагерлерінің кәсіподақ идеялары мен дәстүрлерін дамытуға, сондай-ақ, кәсіподақ қозғалысын нығайтуға қосқан баға жетпес үлесін ерекше атап өту керек.

Бүгінгі таңда құрметті демалысқа шыққан ардагерлеріміз кәсіподақ өміріне және халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік бастамаларға белсенді қатысып, өздерінің өмірлік ұстанымдарын көрсетуде.

Сіздердің қолдауларыңыздың арқасында Кәсіподақтар федерациясы еңбеккерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғайтын еліміздегі ең ірі қоғамдық ұйым ретінде үлкен әлеуетке ие болды.

Қарттар күніне орай кәсіподақ мүшелері адал еңбектерімен зор абырой-беделге ие болған ардагерлерімізге лайықты құрмет, қошемет көрсетеді. Кәсіподақтар тарапынан еліміздің әр өңірінде түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, мерейлі мерекені жоғары деңгейде атап өту жылдағы дәстүрімізге айналған.

Сіздерге зор денсаулық, амандық пен бақ-береке тілеймін!

 

Ізгі тілекпен,

Қазақстан Республикасы

Кәсіподақтар федерациясының төрағасы                 Ералы Тоғжанов