КӘСІПОДАҚТАР КҮНІ ҚАРСАҢЫНДА ҰСТАЗДАР ҰЛЫҚТАЛДЫ

«Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігіні, салалық кәсіподақтары аумақтық құрылымдары өкілдерінің бірлесуімен шаһарда «Кәсіподақтар күні» мерекесіне арналған айлық іс-шарасы аясында мұғалімдер күніне арналған салтанатты жиын өтті.

Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, тәлім – тәрбие беру, жақсы қасиеттерді бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт – бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым құрметті тұлға ретінде ерекшеленеді. Ел ертеңі жастарға сапалы білім мен саналы тәрбие беретін ізгі жандардың елеулі еңбегін елеп-ескерген еліміздегі ең ірі ұйым – кәсіподақ өкілдері осылайша ұстаздар қауымына ізет көрсетті. Қашан да еңбек адамының мәртебесін көтеріп, ел экономикасына үлесін қосатын жұмыскерді жақтайтын кәсіподақ өкілдері білім саласының қызметкерлерін де елеусіз қалдырмай, мерекеде мерейлерін үстем етті.

250 адамның басын қосқан ауқымды салтанатты шараны Шымкент қаласы «Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Берік Айдарбекұлы Бекжанов ашып беріп, мереке иелерін құттықтады. Төл мерекеде саланың үздіктері марапатталды. Мерекелік іс-шара концерттік бағдарламаға ұласты. Келешек ұрпақтың қалыптасуында аянбай тер төгіп жүрген қадірменді мамандық иелері өздеріне көрсетілген сый-құрметке разылық білдірді. Ұлағатты ұстаздар қауымы әуезді ән мен тәтті күйге ұласқан әсерлі кеште көтеріңкі көңіл-күйге бөленіп, бір серпіліп қалды.