КӘСІПОДАҚТА ҚҰҚЫҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯ ЖҰМЫС ІСТЕЙДІ

Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподақ ұйымы Мұғалімдер күні мен Қазақстан кәсіподақтары күні мерекесіне орай «Күшті бастауыш ұйым – қуатты кәсіподақ!» деген атпен бастауыш ұйымдардың форумы өткізілді. Оның жұмысына ұстаздар мен сала ардагерлері, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары мен жергілікті билік өкілдері, жоғарғы оқу орындарының ректорлары қатысты.

Кәсіптік одақтар бүгінде еңбек адамы-кәсіподақ мүшелерінің мүддесін қорғау, өз мүшелерін әлеуметтік қорғау, әділетті де лайықты жалақы төлеу, оңтайлы еңбек жағдайын жасау арқылы экономикасы нық, даму бағыты айқын азаматтық қоғамды құруда.

Өз кезегінде Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестігінің М. Төлепберген ұстаздар қауымын Қазақстан кәсіподақтар күні мен Мұғалімдер күні мерекесімен құттықтап, кәсіподақ ұйымдарының алдында тұрған міндеттерге тоқталды. Облыстық кәсіподақтар бірлестігі салалық кәсіподақтармен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеу арқылы оңды нәтижелерге қол жеткізгенін атап өтті. Сондай-ақ кәсіподақ қозғалысына сіңірген елеуі еңбегі үшін Жамбыл облыстық кәсіподақтар бірлестігінің Құрмет Грамотасымен марапаттады.

Жамбыл облысы білім және ғылым қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы – аймақтағы ең ірі кәсіподақ ұйымы. Соңғы бес жылда облыстық салалық ұйымға біріккен 14 филиал мен 3 тікелей бағыныстағы құрылымдық бөлімшеге біріккен кәсіподақ мүшелерінің саны 2014 жылғы 65 мыңнан 2019 жылы 68 мың адамға жетті, ал бастауыш кәсіподақ ұйымдарының саны 765-тен 796-ға артқан. Өңірлік деңгейде осы аланың 23 000 аса қызметкеріне құқықтық кеңестер мен көмек көрсетілді. Ең басты ерекшелігі – бұл ұйымда құқықтық инспекция жұмыс істейді. Осы инспекцияның араласуының нәтижесінде негізсіз кем төленген, заңсыз ұсталып қалған, қате есептелген жалақы және өзге де олқылықтарды жою мен алдын алу арқылы соңғы 5 жылда 574 млн. теңге қаражат кәсіподақ мүшелеріне өндіріліп берілген.

Форумда шығып сөйлегендер кәсіподақтың тірегі – бастауыш ұйымы екеніне мән берілді. Құқықтық мәдениетті арттыру үшін нақты іс-әрекет жүйелі болуы қажет екеніне назар аударды.

Таңдаулы кәсіподақ белсенділеріне құрмет көрсетілді.

Форумда тиісті Қарар қабылданды.