Кәсіподақтар федерациясы шетел инвесторларының үлесі бар мұнай компанияларының алдында бірқатар әлеуметтік мәселелерді көтерді

Бүгін Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Ералы Лұқпанұлы Тоғжанов жұмыс сапарымен Атырауға келді.

Іс-сапар мақсаты – кәсіподақ активтерінің аймақтағы халықтың әл-ауқатын арттырудағы, жұмысшылардың еңбек құқықтары мен мүдделерін қорғау жолындағы іс-қимылдарымен танысу, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауынан туындаған міндеттерді жүзеге асырудың жолдарын түсіндіру болды.

Төраға Е.Тоғжанов облыстағы ең ірі қуатты өндіріс орны – «Жігермұнайсервис» ЖШС-де болып, жұмысшылардың еңбек қауіпсіздігін сақтаудағы мәселелерімен танысып, әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы туралы ашық әңгімелесті. Бүгінде «Жігермұнайсервис» кәсіпорнында 500 жұмысшы еңбек етеді.

Облыс әкімі Н.Ноғаевпен бірге Атырау аграрлы-техникалық колледжісіне белгілі қоғам қайраткері О.Көшековтың есімінің берілуіне байланысты «Ел үшін туған ер еді» атты салтанатты шараға қатысып, сөз сөйледі.

Түстен кейін облыс әкімдігінде кәсіподақ активінің жиыны өтті. Жиында Е.Тоғжанов кәсіподақтар алдындағы әлеуметтік-еңбек саласындағы өзекті мәселелер шешімін қамтамасыз ету мақсатында әлеуметтік әріптестік жөніндегі үшжақты комиссия жұмысын нығайту, тиімді құқықтық ортаны қалыптастыру және еңбек саласындағы жанжалдар деңгейін азайту міндеттерін айрықша атап өтті. Бұл бағытта Е.Тоғжанов: «Әлеуметтік әріптестермен бірлесе отырып, ҚР 2019-2023 жылдарға арналған зиянды еңбек жағдайларындағы жұмыс орындарын және өндірістік жарақатты азайту бойынша Жол картасы, әлеуметтік шиеленесушіліктің алдын-алу және әлеуметтік-еңбек жанжалдарын шешу бойынша кешенді жоспар, «Халықтық бақылау» әлеуметтік жобасы (мүмкіндігі шектеулі адамдарды кәсіпорындарда еңбек шарттарын бақылауды жүзеге асыруға қатыстыру), «Vision Zero» нөлдік жарақаттанушылықты насихаттау тұжырымдамасының жобаларын жүзеге асыру көзделуде» – деп көрсетті өз сөзінде.

Сонымен қатар, Федерация басшысы облыстық кәсіподақтарға әлеуметтік әріптестермен бірге бастауыш кәсіподақ ұйымдарын құру арқылы кәсіподақтар қозғалысын кеңейтуді, еңбеккерлердің еңбек және әлеуметтік-экономикалық құқықтарын қорғау мақсатында ұжымдық шарттарды бекіту жұмыстарын өзектендіруді, қауіпсіз еңбек шарттарын қамтамасыз етуді, туындаған еңбек дауларына шұғыл әрекет ету, алдын-алу шараларын мен еңбекақы бойынша қарыздарды шешу шараларын қолдануды тапсырды.

«Атырау облысы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Ізтұрған Баймұханов өңірдегі әлеуметтік-еңбек қатынастары туралы баяндама жасады. Биылғы жылы Атырау облысында кәсіподақ мүшелерінің саны үш мыңға артып, 83 мыңнан астам жұмыскер кәсіподақ мүшесі болды. Облыс бойынша 2019 жылдың 9-айында 19 жазатайым оқиғалар тіркеліп, 20 жұмысшы жарақат алып, 3 адам қаза болды. Былтырғы жылмен салыстырғанда өндірістік жарақаттану, жарақат алған жұмысшылар саны мен адам өлімі 30 пайызға төмендеп отыр.

Сонымен қатар, өңірдегі шетел инвесторларының үлесі бар бірқатар мұнай компанияларының өкілдерімен (Тенгизшевройл, «Норт Каспиан Оперейтинг компани Н.В.», «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc» және т.б.) кездесті. Кездесу барысында ҚРКФ басшысы Ералы Тоғжанов осы кәсіпорындарда кәсіподақ ұйымдарының жоқ екендігі  туралы мәселені ашық көрсетті. Кәсіподақтар федерациясы кәсіподақ ұйымдары мұнай компанияларында ғана емес, оған кірісті мердігер ұйымдарда да болуы тиіс деген пікірді ұстанады.

«Негізінде, сіздердің кәсіпорындарыңызда қазақстандық және шетелдік мамандардың еңбекақысында теңсіздік болмауы тиіс. Заң талаптарын сақтау қажет», – деп атап өтті Ералы Тоғжанов. Мұнай компанияларында еңбек дауларының алдын-алу және шешу мәселелеріне жіті назар аудару қажеттігі көрсетілді.

Іссапар қорытындысында Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың Бес әлеуметтік бастамасын  жүзеге асыру мақсатында Атырау облысы әкімдігі мен «Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы» республикалық кәсіподақтар бірлестігі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.