КӘСІПОДАҚТАР КҮНІ МЕРЕКЕЛІК РУХТА ӨТТІ

Тараз қаласының Мәдениет үйінде Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестігінің ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Кәсіподақтары күні мерекесіне арналған салтанатты жиын өтті.

ҚР Үкіметінің қаулысымен биыл алғаш рет ресми кәсіби мерекелер тізбесіне енген осы мерекелік жиынға Жамбыл облысы әкімінің орынбасары С.Құрманбекова, «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Е.Манжуов, Қазақстанның Еңбек Ері, «Казфосфат» ЖШС Бас директоры М.Ескендіров, Тараз қаласы әкімінің орынбасары Қ.Сартай, Тараз қалалық Мәслихатының төрағасы Б.Құлекеев, Жамбыл облысы әкімдігінің басқарма басшылары мен облыстық салалық кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері және кәсіподақ мүшелері қатысты.

Салтанатты жиында ашқан Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы М.Төлепберген кәсіподақ өкілдері үшін биыл ерекше жыл болып отыр деді. Бұған дәлел Үкіметтің қаулысымен арнайы бекітілген Қазақстан кәсіподақтарының күні. Сонымен қатар, осы мерекеге орай арнаған ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың арнайы құттықтауы да біздің жұмысымызға тың серпін береді деп, көпшілікті мерекемен шын жүректен құттықтады.

ҚР Кәсіподақтар Федерациясының төрағасы Е.Тоғжановтың арнайы құттықтауы LED экран арқылы жолдауын да жұртшылық ықыласпен қабыл алды.

Ресми құттықтау шарасында кәсіподақ ұйымдарының белсенді өкілдері Жамбыл облысы Мәслихатының, «Нұр Отан» партиясы Жамбыл облыстық филиалының, Тараз қаласы әкімінің, Тараз қалалық Мәслихатының, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының, республикалық салалық кәсіподақтардың және  Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестігінің арнайы марапаттарына ие болды.

Айта кету керек, Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестігінің назарынан саналы ғұмырларын кәсіподақ қызметіне арнаған, әр жылдары осы салада жемісті қызмет еткен Ч.Құрамысов, Б.Стародубцев және Е.Есіркепов сияқты кәсіподақ ардагерлері де тыс қалмады. Ұйымдастырушылар ардагерлерге бағалы сыйлықтар мен гүл шоқтарын табыс етті. Мерекелік көңіл-күйде өткен салтанатты жиында К.Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының талантты әртістерінің арнайы дайындаған концерттік бағдарламасы қойылып, мерекенің ажарын аша түсті.