Шымкентте Кәсіподақтар күніне арналған салтанатты шара өтті

ҚРКФ төрағасы Шымкент қаласында Кәсіподақтар күніне арналған салтанатты шараға қатысты.

Шымкент қаласында Қазақстан Кәсіподақтары күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Осы шараға еңбек ұжымдары мен бастауыш кәсіподақ ұйымдарының өкілдері, әлеуметтік әріптестер, қаланың кәсіподақтар қозғалысының ардагерлері, барлығы үш жүзден аса адам қатысты.

Салтанатты сөз алған Кәсіподақтар федерациясының төрағасы мерекеге ресми мәртебенің берілуі – кәсіподақтардың әлеуметтік-еңбек саласындағы мәселелерді шешуде рөлінің жоғары екендігінің айқын дәлелі деп атап өтті.

– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев қазақстандық кәсіподақтарды – тұрақтылықтың тірегі, әлеуметтік-еңбек қатынастарының базалық элементі дей отырып, олардың маңызды рөлін атап өткен болатын. Елбасының жоғары сенімі – бір жағынан, үлкен жауапкершілік, екінші жағынан, белсенді жұмыс істеуге деген бағыт-бағдар.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында билік пен азаматтық қоғамның өзара байланысын нығайтуға шақырды. Және бұл бізге, кәсіподақтарға, еліміздегі ең ауқымды қоғамдық ұйым ретінде жұмыс істеуге жаңа қарқын береді, – деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Кәсіподақтар күні аймақтың үздік кәсіподақтар мүшелері, кәсіподақ активистері және әлеуметтік әріптестер ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың, ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің алғыс хаттарымен, сондай-ақ кәсіподақ марапаттарымен марапатталды.