БАТЫС ҚАЗАҚСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ КӘСІПОДАҚТАР ОРТАЛЫҒЫ КӘСІПОДАҚ МҮШЕЛЕРІН ҚАЗАҚСТАН КӘСІПОДАҚТАРЫ КҮНІМЕН ҚҰТТЫҚТАДЫ

10 қазан күні Батыс Қазақстан облысының Кәсіподақтар орталығы Қазақстан кәсіподақтары күні мерекесіне орай бастауыш кәсіподақ ұйымдарының Форумын өткізді.

Форум жұмысының аясында балама тәсілдермен шешілетін болмашы дауларды реттеу және халыққа дауларды соттан тыс реттеудің жолдарын насихаттау мақсатында кәсіподақтардың медиация бойынша атқарып отырған жұмысының көрнекі үлгісі ретінде қатысушылардың назарына іскерлік басқару докторы, «КИОС» ЖШС заң бөлімінің бастығы Анаргүл Сүндетованың тренингі ұсынылды. Тараптар арасындағы дау-дамай мен келіспеушілікті сотқа жеткізбей реттеу медиация міндеті десек, өткізілген тренинг бастауыш кәсіподақ ұйымдарының мүшелері үшін қызықты әрі пайдалы болды.

Шараның жалғасы сән-салтанаты жарасқан, жайдары көңіл-күйде, ән мен жыр әуелеген салалық, жергілікті және бастауыш кәсіподақ ұйымдарының мүшелерін салтанатты құттықтап, марапаттауларын табыстау бөлімімен өрілді.

Марапаттаулар ішіндегі «Жайықжылуқуат» акционерлік қоғамының мемлекеттік тілді енгізу бөлімінің меңгерушісі Ақмарал Габдиеваның еліміздің Президенті Қ.К.Тоқаевтың атынан алғысқа ие болғанын ерекше атап өткіміз келеді.

Салтанатты мәжіліске Батыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Серік Рахметоллаұлы Егізбаев қатысып, кәсіподақ мүшелерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, облыс әкімі Ғ.Искалиевтің атынан алғыс хаттарды табыстады.