Сатыбалды Дәулеталин Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының бірінші орынбасары болып сайланды

Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Атқару комитетінің отырысы өтті. Отырыс барысында кадр мәселелері талқыланды.

Атқару комитетінің мүшелері Бірінші орынбасар лауазымына Сатыбалды Телағысұлы Дәулеталинді бірауыздан сайлады. Сатыбалды Телағысұлы бұл уақытқа дейін ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары қызметін атқарған.

Сатыбалды Дәулеталин еңбек жолын Ақтөбе қаласындағы ферроқорытпа зауытында токарь болып бастады.

Әр жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы сот аппаратында, ҚР Министрлер кабинеті жанындағы Шетел капиталын пайдалану комитетінің аппаратында жұмыс істеді, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің аппарат басшысының орынбасары, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттік аппаратының басшысы, сонымен қатар «Нұр Отан» партиясының орталық аппаратының саяси істер департаментінде басшылық лауазымдар атқарды.

С.Т.Дәулеталин Кәсіподақтар федерациясында 2015 жылдан бері Ұйымдастыру, кадр жұмыстары және активтер департаментінің, Әлеуметтік-экономикалық қорғау және еңбек инспекциясы департаментінің директоры, Әлеуметтік-экономикалық қатынастар және әлеуметтік әріптестік комитетінің төрағасы және ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары қызметтерінде жұмыс істеді.