Кәсіподақтар мұнай компаниясы жұмысшыларының жалақысын көтеруге ықпал етті

Кәсіподақтар федерациясы осы жылдың қыркүйек айында Ақтөбе облысындағы «Восток нефть и СО» ЖШС басшылығы мен жұмысшылары арасында туындаған еңбек дауының оң шешілуіне алғашқы күннен бастап белсенді түрде атсалысты.

Мұнай компаниясы жұмысшылары ұжым атынан жұмыс берушіге жалақыларын 50 пайызға көтеру туралы талап қойып, оны орындамаған жағдайда жер қойнауындағы бұрғылау жұмыстарын тоқтатамыз деп мәлімдеген.

Еңбек дауын дер кезінде шешу мақсатында ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары Сатыбалды Дәулеталин Ақтөбе облысындағы компанияның бас директоры Чжан Баоцзюньмен кездесіп, кәсіподақ жұмысшылармен бірлесіп олардың қойған талаптарын ҚР заңдары аясында шешетіндерін жеткізді.

Кәсіподақтар федерациясы мен жұмыс беруші компания арасындағы бірнеше келіссөздерден кейін «Восток нефть и СО» ЖШС-нің 1000-нан аса жұмысшыларының жалақысы 50 пайызға көтеріліп, еңбек жағдайы жақсартылды.

Қазіргі уақытта кәсіпорындағы жағдай тұрақтанып, барлық жұмысшылар өз міндеттерін атқаруда.

Кәсіподақтар федерациясы мұнай компаниясы жұмысшыларының жағдайын назарда ұстап, олардың құқықтарының сақталуын қадағалайтын болады.

«Восток нефть и СО» ЖШС – сервистік қызмет көрсететін компания, олардың негізгі атқаратын жұмыстары – мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылау.