Сала мәселелері талқыланды

Қызылордада 17 қазанда «ҚР Құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы» облыстық филиалының есеп беру ХVII конференциясы өтті. Конференция жұмысына салалық кәсіподақтың республикалық бірлестігі төрағасы Құсеин Есенғазин, Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Серік Сермағамбетов, Қызылорда облыстық ​ құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының, қалалық бөлімнің мамандары, облыстық еңбек саласын бақылау басқармасы мамандары, Конференция делагаттары қатысты. ​

Күн тәртібінде филиалдың 2014-2019 жылдар аралығындағы жұмысы туралы облыстық салалық кәсіподақтың төрағасы Серік Мырзахановтың есебі, тексеру комиссиясының жұмыс есебі тыңдалды. Есеп беру конференциясында атқарылған жұмыстар бойынша пікірлер білдіріліп, облыстық салалық кәсіподақтың жұмысын одан әрі дамыту, әлеуметтік әріптестермен жұмысты жетілдіру, еңбек қауіпсіздігі мәселесі бойынша жұмысты жүйелендіру турасында ойлар ортаға салынды. Конференция делегаттарының ашық дауыспен сайлауына сәйкес Серік Мырзаханов облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы болып қайта сайланды. Сонымен қатар, тексеру комиссиясы, атқару комитеті мүшелері сайланды.

Жиын барысында ​ Серік Мырзаханов Қазақстан республикасы Кәсіподақтар Федерациясының «Кәсіподақ ардагері» төсбелгісімен марапатталып, бірқатар​ кәсіподақ белсенділеріне салалық кәсіподақ ұйымының, облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің грамоталары табысталды.