Панфилов ауданында семинар өтті

Ағымдағы жылдың 15 қазан күні «Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы» қоғамдық бірлестігінің Панфилов аудандық филиалының желілік кестесіне сәйкес бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағаларына арналған «Еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғау түсінігі» тақырыбында семинар өтті.

Аталған жиынға Панфилов адундық кәсіподақ филиалының төрағасы Мақытбек Тұрлыбеков, Атқару комитетінің мүшелері Сәулет Асанов, Алия Смагулова, Ерқанат Ыбраимжанов, Еркінбек Керейбаев, Халық Бөгенбаев, Қуаныш Шаяхметов, Сандуғаш Чдербаева және филиал қызметкерлері қатысты.

Жиын барысында аудандық кәсіподақ филиалының төрағасы Мақытбек Тұрлыбеков сөз алып, аудан көлемінде жалпы 5282 мүшесі барын және олардың 74 бастауыш кәсіподақ ұйымына біріктірілгенін жеткізді. Бүгінгі таңда қоғамдық бірлестіктің кәсіподақ мүшелерінің құқығын қорғауда, олардың сауықтырылуына және бос уақытын тиімді пайдалануы мақсатында іс-шаралар ұйымдастыруды қолға алғандығын айтты. Сонымен қатар, жиында Е.Сыпатаев атындағы орта мектептің бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы, Атқару комитетінің мүшесі Халық Бөгенбаев бастауыш кәсіподақ ұйымы мүшелерінің құқығын қорғау жолындағы жұмыстарын айтып, өзінің іс-тәжірибесімен бөлісті. «Аудан көлемінде педагогтардың мәртебесін көтеру жолында бірқатар жұмыстар атқарылды, жыл басынан бері құқық бұзушылық туралы аудандық кәсіподақ филиалына жазбаша өтініш түспеді. Жеке қабылдауда – 2 адам, телефон арқылы хабарласқандар саны- 1, ауызша кеңес -3 адамға берілді. Бұл барша кәсіподақ ұйымының атқарылған жұмысының бір бөлігі.» – деп сөзін аяқтады Халық Жұмаділұлы.

Панфилов аудандық кәсіподақ филиалының мектептегі еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігін сақтау бойынша нұсқаушысы Ш.Уалиханов атындағы орта мектебінің бастауыш кәсіподақ ұйымының мүшесі Мұратбек Ақышбеков өз сөзінде: «Мектептердегі еңбекті қорғау, техникалық қауіпсіздікті сақтау бойынша іс-шаралар уақытылы орындалуда. Соңғы екі айдың өзінде мектептердің жаңа оқу жылына дайындығы және техникалық инспектордың жұмысымен танысу сынды 6 білім мекемесінде желілік кестеге сәйкес жұмыстар орындалды.» – деп сөз сөйледі. Сондай-ақ, бастауыш кәсіподақ төрағаларының қатарынан Шежін орта мектебінен Самет Тельман, Крылов атындағы орта мектебінен Мария Үркімбаева, Крупская атындағы орта мектебінен Саид Сеитов тақырыпқа сәйкес қойған сұрақтарына жауап алып, ой-пікірлерімен бөлісті.