“Петро Қазақстан кәсіподағына” – 30 жыл!

Қызылордадағы ірі мұнай компанияларының бірі «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» акционерлік қоғамының кәсіподақ ұйымы құрылғанына 30 жыл толды.

19 қазанда осы айтулы оқиғаға арналған кіші футболдан «Петро Қазақстан кәсіподағы-2019» турнирі бастау алды. ​ Турнирдің ашылу салтанатына компания басшылығы, облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігі, салалық кәсіподақ ұйымдары өкілдері қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі. ​ Турнирге сыр бойының мұнай саласындағы компаниялардан 7 команда және Шымкенттік мұнай өңдеу зауыты командасы қатысып, бақ сынасуда. Турнирдің алғашқы күн нәтижесімен ақтық ойындарға жолдама алған командалар ертен ойындарды жалғастыратын болады.

Айта кету керек, 1989 жылдан бастау алған «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» компаниясындағы кәсіподақ ұйымы компания әкімшілігімен келісімді әріптестік аясында жұмыс жасап келеді. Биыл компанияда Ұжымдық Шарт уақыт талабына сай жаңартылып, әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттейтін негізгі құжат ретінде өз дәрежесінде 2019-2022 жылдарға арналып қайта жасалды. Қазірде компанияда мың жарымнан астам кәсіподақ мүшелері бар, кәсіподақ ұйымы төрайымы Бақытжан Мұқашева көп жылдардан бері кәсіподақ жүйесінде еңбек етіп келе жатқан кәсіподақ қайраткері. «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ кәсіподақ комитетінің құрылымында 41 цех комитеттері жұмыс жасайды. Компанияда өндірістік кеңес құрылған, еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау бағдарламасы бойынша оқудан өткен 24 техникалық инспектор жұмыс атқарады.

20 қазанда Қызылордада «Петро Қазақстан кәсіподағы 2019» кіші футболдан турнирі өз мәресіне жетті. Турнир «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» акционерлік қоғамының кәсіподақ ұйымы құрылғанына 30 жыл толуына арналып ұйымдастырылды.​ 2 күнге созылған турнирге мұнай компанияларынан барлығы 8 команда қатысты.

Турнирдің жабылу салтанатына аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы С.Сермағамбетов, футбол федерациясының вице-президенті Ә.Шаймағамбетов, мұнай-газ кешені салалық кәсіподағының облыстық филиалы төрайымы А.Искакова және мұнай компанияларының кәсіподақ төрағалары қатысты. Жеңімпаздарды марапаттау сөзінде Серік Сермағамбетов мұнайшы кәсіподақ мүшелерін 10 қазан Қазақстан кәсіподақтары күнімен ​ және Петро Қазақстан кәсіподағының 30 жылдық мерейтойымен құттықтады.

Тартысты ойындардың нәтижесімен турнирде жүлделі 1 орынды «ҚазГерМұнай» БК ЖШС, 2 орынды «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз»АҚ, 3 орынды «Петро Казахстан Ойл продактс» ЖШС командалары қанжығаларына байлады.