Ғылым көгінің жарық жұлдызы

Қазақтың тұңғыш филолог-ғалымы, қоғам және мемлекет қайраткерi, алғашқы қазақ академиясын – КСРО ғылым Академиясының филиалын ұйымдастырушылардың бiрi, түркітанушы, педагог ғалым – Құдайберген Қуанұлы Жұбанов 1899 жылдың 19 желтоқсанында Ақтөбе облысының Темiр – Орқаш болысына қарасты Ақжар деген жерде дүниеге келген.

Биылғы жылы тұңғыш лингвист-ғалым, ұлт ұстазы Құдайберген Қуанұлының туғанына 120 жыл толып отыр. Осы айтулы мерекеге орай С.Жиенбаев атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасының ұйымдастыруымен Ақтөбе құрылыс және бизнес колледжінде «Ғылым көгінің жарық жұлдызы» атты танымдық сағаты өткізілді.

Ұйымдастырылған танымдық сағаттың мақсаты: қазақ тіл білімінің ғылыми-теориялық негізін салушы, қазақ филологиясының тұңғыш профессоры, ағартушы-ғалым, қоғам қайраткері Құдайберген Қуанұлы Жұбановтың өмір жолы, қоғамдық қызметін баяндау, жас ұрпаққа насихаттау болып табылады. Шара барысында кітапхана қызметкері Нұрсұлтан Әбжан ғалымның өмірі мен шығармашылығына, қызмет жолына кеңінен тоқталды.

М.Парусимов, А.Балалиев, А.Кузнецов, В.Стоцкий сынды студенттер белсенділік танытып, баяндама жасап шараға өз үлестерін қосты. Шара соңында колледж кітапханашысы Шармұханова Салтанат Ахметовна Құдайберген Қуанұлының артында қалдырған тіл білімінің мұралары, зерттеу еңбектері ел жадында, халық жүрегінде мәңгі сақталатынын, кейінгі ұрпақ жерлес ғалымымызды мақтан ететіндігін, ғалымның еңбектеріне өз үлестерін қосып, жүзеге асыратындығын айта кетті. Сонымен қатар колледж мұғалімі Даримова Роза Амангельдиновна кітапханашыларға алғысын білдіріп, студенттердің ғалымның өнегелі өмір жолынан терең мағлұмат алғандығын жеткізді. «Құдайберген Жұбанов – қазақ тіл білімінің атасы» атты кең көлемді кітап көрмесі топтастырылып, библиогафиялық шолу жасалды.