Сотқа дейінгі татуласу – тараптардың мүддесі

Бүгін Жамбыл облыстық сотында дауларды сотқа дейінгі реттеу бойынша татуластыру процестеріне қатысты кеңес өтті. Бұл жиынға Жамбыл облыстық сотының судьялары, Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестігінің өкілдері, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы мен адвокаттар алқасының өкілдері қатысты.

Жиынның мақсаты – дауласушы тараптарды сотқа дейін татуластыру, өзара ымыраға келтіру арқылы дауларды шешудің тиімді тұстарын зерделейтін әр тараптың өкілдерінен құрылған жұмыс тобын құрудың өзектілігі болды.

Кеңесті ашқан Жамбыл облыстық сотының азаматтық және әкімшілік істері бойынша аппеляциялық сот алқасының төрағасы Ж.Рүстембеков бүгінгі таңда облыстың сот органдарында қаралып жатқан істер саны кемімей отырғанына тоқталып, дауларды сотқа дейінгі реттеудің маңыздылығына баса назар аударды.

Өз кезегінде сөз алған Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы М.Төлепберген еңбек дауларын сотқа дейінгі реттеу механизмі еңбек заңнамасында қаралғанын тілге тиек етіп, бұл тұрғыда кәсіподақ ұйымдары бар мекемелердің барлығында жеке еңбек дауларын қарайтын келісім комиссиялары жұмыс атқарады деп атап өтті.

Жиын соңында кеңеске қатысушы тараптар аталған мәселенің маңыздылығын ескере отырып, алдағы уақытта мүдделі тараптар қатарынан жұмыс тобын құруға бірауыздан келісті.