Жас кәсіподақ белсенділері кәсіподақтар қозғалысын дамыту жолдарын қарастырды

Сәрсенбіде Оралдағы оқушылар және жастар сарайында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында жастар арасында «Кәсіподақ қозғалысын дамытудың тиімді тетіктері» тақырыбында пікірталас өтті. Шараны «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының БҚО ұйымы» қоғамдық бірлестігі жастар кеңесінің қатысуымен ұйымдастырды.
Пікірталастың спикерлері жас мамандар, Батыс Қазақстан инновациялық-технологиялық университетінің әдіскері Ләйлә Мақсотова, жеке кәсіпкерліктің жетекшісі Арнұр Мақсотов, «Zhas Project» жастар корпусын дамыту жобасының БҚО бойынша үйлестірушісі Ақерке Шайхы, М. Өтемісов атындағы БҚМУ-дағы салауатты өмір салты орталығының жетекшісі Оралхан Қажыкенов кәсіподақ қозғалысын дамыту жайында пікір жарыстырды.
Ойын барысында жастардың бір тобы АҚШ-тағы, Норвегиядағы, Даниядағы, Швециядағы кәсіподақтардың белсенді жұмыстарын мысалға келтіріп, еліміздегі кәсіподақ қозғалысын дамытуға кедергі болып отырған кейбір мәселені сарапқа салды. Олардың айтуынша, қазақстандық жұмысшылар құқықтары бұзылғанда өздерінің құқықтарын қорғайтын, еңбек дауын шешетін кәсіподақ ұйымдарының жұмысынан бейхабар, сондықтан кәсіподақтың жұмысын әлеуметтік желілер, соның ішінде инстаграм арқылы насихаттаған жөн десті. Екінші топтың өкілдері еңбек ұжымдарында кәсіподақ ұйымдарының жиналыстары жылына бір рет өткізілетінін, сондықтан жас мамандардың кәсіподақ жұмысынан мүлдем хабарсыздығын, кәсіподақ жұмысының көп насихаттала бермейтінін айтты. Сонымен қатар кәсіподақ демалыс орындарына демалуға жолдаманы бұрыннан жұмыс істейтін қызметкерлермен қатар жас мамандарға да беретін болса, жастар да кәсіподаққа мойын бұрар ма еді деген ойларын ортаға тастады.
Батыс Қазақстан облыстық Кәсіподақтар орталығының төрайымы Айгүл Есекенова қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар Федерациясындағы кәсіподақты жаңғырту жолында көптеген жұмыстар атқырылып отырғанын және осындай шараларды ұйымдастыру арқылы жастарды кәсіподаққа көптеп тарту жұмыстары туралы өз ойымен бөлісе отырып, фейсбук желілері арқылы кеңінен ақпараттық жұмыстарды насихаттау қажеттігін жеткізді.