Көшпелі отырыста мұнайшылардың әлеуметтік мәселелері қамтылды

Еңбек даулары туындауының алдын алу-мақсатында Ақтөбе облысы Мұғалжар ауданында мұнайшылар қызмет ететін Жанажол кен орнында аудандық әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік еңбек қатынастарын реттейтін үшжақты комиссияның көшпелі отырысы өтті.

Аудандық үшжақты комиссияның көшпелі отырыстары “Урихтау Оперейтинг” және “Арал Петролеум Кэпитал” сияқты мұнай-газ компанияларының жұмыс орындарында өткізілді.

Комиссия отырысына Кәсіподақтар Орталығының төрағасы А.Әмірғалиев, Мұғалжар ауданының әкімдігі, әлеуметтік әріптестер, еңбек инспекция басқармасының өкілдері, аудан депутаттары, кәсіпорындардың жұмысшылары мен жұмыс берушілер қатысты.

Аудандық үшжақты комиссия отырысында кәсіпорын басшыларының 10 айдағы кәсіпорында әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік еңбек қатынастары туралы есептері, кәсіпорындарда бастауыш кәсіподақ ұйымын құру және әлеуметтік-еңбек құқықтарының қорғалуы туралы сұрақтар қаралды.

Кәсіподақтар Орталығының төрағасы әлеуметтік-еңбек құқықтарының қорғалуға бағытталған жұмыстары туралы ақпарат беріп, еңбек кәуіпсіздігін сақтау мәселелеріне тоқталып, әр кәсіпорындарында кәсіподақ құру кажеттілігін атап айтып кетті.

Өз кезегінде жиынға қатысқан жұмысшылар өздерін қызықтыратын сұрақтар қойып, бастауыш кәсіподақ ұйымын құру туралы ақпараттар алып, жақын арада бастауыш кәсіподақ ұйымын құру туралы тілек білдірді. Комиссия жұмысы барысында барлық мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.