Тоғжанов: «Кәсіподақтар үшін жұмыс берушілер тарапынан әлеуметтік кепілдердің іске асырылуына қол жеткізу маңызды»

ҚРКФ төрағасы Ералы Тоғжанов облыс әкімі Архимед Мұхамбетовпен кездесті.

Кездесу барысында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы мен облыс әкімдігі арасында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.

Меморандум аясында тараптар әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеуде және әлеуметтік бастамаларды жүзеге асырудағы өзекті мәселелер бойынша ұстанымдарын айқындап, бірлескен  шаралар қабылдауға келісті.

Кездесуде облыстағы әлеуметтік-еңбек саласының әлеуеті талқыланып, әлеуметтік әріптестік аясында бірлесіп атқарылатын бірқатар шаралар белгіленді.

«Жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғау бірінші кезекте кәсіпорындар мен ұйымдардағы кәсіподақтармен жүзеге асырылады. Біздің басты мақсат – кәсіподақтар қозғалысының тірегі болып табылатын бастауыш кәсіподақ ұйымдарының санын арттыру», – деп атап өтті ҚРКФ төрағасы.

Тағы да бір өзекті мәселе ұжымдық шарттарды бекіту жұмыстарын өзектендіру болып табылады.

Бүгінде Қостанай облысында жақсы көрсеткіш қалыптасқан: жұмыс істейтін 10 614 кәсіпорында 6 975 ұжымдық шарт бекітілген, яғни 65,4% құрайды.

Өндірістік жарақаттар мен кәсіби аурулардың алдын-алуын бақылауды күшейту қажеттігі қозғалды.

       «Кәсіподақтар үшін жұмыс берушілер тарапынан ұжымдық шарттарда бекітілген әлеуметтік кепілдердің, алдын-алу, сауықтыру және оңалту шараларының іске асырылуына қол жеткізу маңызды», – деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Сондай-ақ, кездесуге қатысушылар кәсіпорындарда тәуелсіз қоғамдық бақылау құралдарының бірі ретінде өндірістік кеңестерді құру мәселесінің маңыздылығын көрсетті.

«Бүгінде Кәсіптік одақтар федерациясының мүше ұйымдарында 12 598 еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі өндірістік кеңес жұмыс істейді. Еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторлар саны – 18 810. Қостанай облысында 858 өндірістік кеңес бар. Олар бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жалпы санынан 59% құрайды. Бұл ретте облыс кәсіпорындарының 8% ғана өндірістік кеңестермен қамтылған», – деді Ералы Тоғжанов.

Оның ойынша, бұл өңірде жазатайым оқиғалардың жоғары көрсеткішіне алып келетін алғышарттардың бірі болып табылады.

Кәсіптік одақтар федерациясының төрағасы облыс әкімшілігіне Еңбек адамына қолдау көрсету жолындағы өзара тиімді байланысы үшін разышылығын білдірді.

«Бүгінгі кездесу біздің мақсаттарымызға қол жеткізу ісінде маңызды қадам боларына және өзекті мәселелерді бірлесіп шешудің жаңа әдістерін іздеуге жәрдемдесетініне сенімдімін», – деп атап өтті Ералы Тоғжанов.

Осы күні ҚРКФ төрағасы өңір азаматтарын қабылдады. Онда Қостанай облысының тұрғындарын алаңдататын бірқатар мәселелер қамтылды.

Ералы Тоғжановқа мемлекеттік тапсырыс бойынша жұмыс істейтін жеке мектепке дейін білім беру ұйымдарының бір топ жұмысшылары еңбекақыны арттыру туралы өтінішпен жүгінді.

Облыстың ата-аналары Кәсіподақтар федерациясының қол астында облыстардың қалалары мен аудандарында ата-аналар кеңесін құру туралы бастаманы жеткізді.

Жас мамандар Кәсіподақтар федерациясында және оның құрылымдық бірлестіктерінде тәжірибеден өту мүмкіндігін талқылады.

ҚР Кәсіптік одақтар федерациясының баспасөз қызметі