Бастауыш кәсіподақ ұйымдарының жұмысын өзектендіру қажет

Кәсіподақтың күре тамыры бастауыш кәсіподақ ұйымдары екені белгілі. Олардың жүйелі және заң шеңберінде жұмыс істеуі жоғары органдардың қаулылары мен жиын шешімдеріне байланысты. Жергілікті ұйымдардың кәсіподақ жарғысында көрсетілген бағыттардан туындаған міндеттерді жүзеге асыруына ықпал ету үшін үгіт-насихат жұмыстары жүргізілуде.

Осы мақсатта Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Садық Әбдіқадыров  Панфилов ауданындағы Кішішыған  орта мектебі және Жаркент көпсалалы колледжінің еңбек ұжымдарымен  кездесті.

Кәсіподақ белсенділері алдымен Кішішыған орта мектебіне атбасын бұрды. Аталған шараны Панфилов аудандық филиалының төрағасы Мақытбек Тұрлыбеков жүргізіп, келген қонақтарды көпшілікке таныстырды.

Кездесу барысында облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Садық Нұрсапаұлы сөз алып, Мемлекет басшысының Жолдауына тоқталып, білім саласына қатысты айтылған бағыттарды түсіндіріп, ұстаздардың жалақысы өсіп жатқанын тілге тиек етті. «Педагог мәртебесі туралы» заң жобасын әзірлеуге салалық кәсіподақ өкілдерінің белсене қатысқанын және ұстаздардың ұсыныстары жинақталып, жоғарғы жаққа жіберілгенін айтты. Сондай –ақ, Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының XIVсъезі өтіп, соңғы бес жылдықта атқарылған жұмыстардың қорытындысы шығарылғанын жеткізді.

Жиында Кішішыған орта мектебінің директоры Дәулеткелді Әшкеев ұстаздардың құқығын қорғау және мәртебесін арттыру жолында бастауыш кәсіподақ ұйымы төрағасының атқарған жұмыстарын қысқаша баяндап, қоғамдық бірлестіктің өкілдеріне алғысын білдірді.

Облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Садық Әбдіқадыров Жаркент көпсалалы колледжіне барып, білім ордасының тыныс-тіршілігімен танысып, бастауыш кәсіподақ ұйымының жиналысына қатысты. Жиында ұйымдастыру мәселелері қаралып,  бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Мамыр Абылғазиев бір жыл көлемінде  атқарған жұмысының есебін берді. Қоғамдық бірлестіктің басшысы Мамыр Батырханұлының он жылға жуық қоғамдық жұмыстағы еңбегіне алғысын білдіріп, облыстық ұйымның бағалы сыйлығын табыс етті. Сонымен қатар, бірқатар кәсіподақ мүшелері облыстық ұйымның Құрмет грамотасымен марапатталды.