Медиация институты – тұрақтылық негізі

Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының Достық үйінде облыс әкімінің орынбасары-Абзал Нүкеновтың қатысуымен «Қарағанды облысында медиацияның даму барысын талдау» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.

Дөңгелек үстелдің жұмысына татуласу Орталықтарының басшылары, Қазақстан Республикасы кәсіподақтар Федерациясының салалық кәсіподақтары филиалдарының төрағалары, облыстық соттың татуластырушы-судьялары, облыстың қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары, медиаторлар қауымдастығының өкілдері қатысты.

Дөңгелек үстел барысында Қазақстан Республикасының «Медиация туралы» Заңына қатысты түйінді мәселелер талқыланды.

Қарағанды облысы кәсіподақтар Орталығы жанындағы татуласу Орталығының басшысы Света Шардарбекова «Қоғамда татуласу рәсімдерінің ролін арттырудың маңызы» тақырыбында баяндама жасап, медиацияны қолданудың жағымды жақтарына, дау-дамайларды реттеудің және олардың алдын алудың мүмкіндігінің кеңдігіне тоқталып өтті.

Сонымен қатар, Орталық медиаторларының оң тәжірибелері айтылып, аймақтағы дау-дамайлардың алдын алуға және медиаторлардың жұмысын үйлестіру мәселесін қарастыратын жұмыс тобын құру туралы ұсыныс енгізілді.

Дөңгелек үстелдің жұмысын қорытындылай келе, облыс әкімінің орынбасары аймағымызда медиация институтын дамытуға қатысты айтылған пікірлерге қатысты ұсыныстар білдірді.