Кәсіби бағдар беру – маңызды іс

«Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің жанынан құрылған «Оқу орталығында» ағымдағы жылы тігінші мамандығы бойынша 50 оқушы оқу бағдарламасына сәйкес үш айлық курсты аяқтап, оның ішінде бір ай теориялық оқудан және екі ай Шымкент қаласындағы «Оңтүстік былғары» ЖШС-нің тігін цехында іс-тәжірибеден өтті.

Өз кезегінде тігінші мамандығы бойынша курс бітірушілерімен және оқытушыларымен «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бекжанов Берік Айдарбекұлы емтихан тапсыру алдында кездесіп, олардың емтиханды сәтті тапсыруына және тігінші мамандығы куәлігіне ие болуына, сондай-ақ жұмысқа орналасуларына сәттілік тіледі.

Сонымен бірге мамандығына сәйкес өз кәсібін ашудың бизнес жобаларын жасап, мемлекет тарапынан бөлінетін гранттар ұтып алуына тілек білдірді. Оқыту орталығы тарапынан ол бойынша жан жақты көмек көрсететіні айтылды.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 13 қарашадағы №746 қаулысымен бекітілген «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған “Еңбек” мемлекеттік бағдарламасына» сәйкес «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің оқу орталығында «тігінші» мамандығы бойынша үш айлық қысқа мерзімді курс оқып шыққан тәлімгерлер емтихан тапсырып, бітірушілердің барлығы емтиханнан сәтті өтті.

«1 желтоқсан – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні» мерекесі қарсаңында салтанатты түрде тігінші мамандығын алған 50 адамға куәліктер табысталды.