Қазақстан мен Беларусь кәсіподақтары арасындағы ынтымақтастық нығая түспек 

Бүгін Қазақстан Республикасы кәсіптік одақтары федерациясы төрағасының бірінші орынбасары Сатыбалды Дәулеталин  Беларусь кәсіподақтары федерациясының байланыс қызметкерлері кәсіподағының бас техникалық инспекторы Александр Крючковпен кездесті.

Мәртебелі мейман елордаға  бүгін басталған Қазақстан Республикасы кәсіптік одақтар федерациясының еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторларының ІІ республикалық форумына қатысу үшін арнайы келген.

Кездесуде Сатыбалды Дәулеталин  Қазақстан Республикасы кәсіптік одақтары федерациясының тарихы, қызметі және еңбек қауіпсіздігі бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы егжей-тегжейлі әңгімелеп берді.  Сонымен қатар, ол  федерацияның еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторларының республикалық форумы екінші мәрте өткізілгелі отырғанын және форум аясында дәстүр бойынша республикадағы үздік техникалық инспекторлардың марапатталатынын жеткізді.

Сатыбалды Дәулеталиннің айтуынша, Қазақстанда соңғы он жылда өндірістегі қайғылы оқиғалардың саны  азайып келеді.  Оларды  болдырмау мақсатында федерация  Өндірістік Кеңестер құрған болатын. Қазір елде осындай 15 мың  кеңес жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар,  18 мың техникалық инспекторлар бар. Еңбек қауіпсіздігін күшейту мақсатында федерация жақында үкіметке мұндай кеңестерді барлық кәсіпорында құруды заңмен міндеттеу туралы ұсыныспен шыққандығын атап өтті.

Беларусь кәсіподақтары федерациясының байланыс қызметкерлері кәсіподағының бас техникалық инспекторы Александр Крючков өз еліндегі кәсіподақтар қозғалысының қызметімен таныстырып, еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі саласындағы өз тәжірибелерімен бөлісті.

Беларусь кәсіподақтары федерациясының еңбек қауіпсіздігі саласындағы жұмыстары Қазақстан Республикасы кәсіптік одақтар федерациясының еңбекті қорғау жөніндегі техникалық инспекторларының ІІ республикалық форумының екінші күнінде де ортаға салынатын болады.

Бүгінгі кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты ынтымақтастықтың әрі қарай да жалғасатынына сенім білдіріп, болашақта тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуге уағдаласты.