Қоғамда зорлық-зомбылыққа жол жоқ

Батыс Қазақстан облысы кәсіподақ Орталығы жанындағы жұмысшы әйелдер құқығын қорғау комиссиясының ұйымдастыруымен «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы 16 күн» республикалық акциясы шеңберінде  «Отбасындағы зорлық-зомбылыққа жол  жоқ» тақырыбындағы дөңгелек үстел өтті.

Іс-шараға мемлекеттік мекемелер, дағдарыс орталығы, «Аналар үйі» өкілдері, үкіметтік емес ұйым басшылары, қоғам белсенділері қатысты. Дөңгелек үстел барысында БҚО кәсіподақ Орталығының басшысы А.О.Есекенова алғы сөз алып, қоғам назарындағы аса маңызды мәселелердің бірі – тұрмыстық зорлық-зомбылықтың туындау себептерін, оның алдын-алу жолдарын, өңірде даму деңгейін атап өтті. Батыс Қазақстан облысы ішкі істер департаменті Жергілікті полиция қызметінің бастығының м.а. Ә.Ж.Құсайынов шараға қатысушыларға облыс аумағында өткізіліп жатырған профилактикалық жұмыстар жөнінде баяндады.

Шара Батыс Қазақстан облысы кәсіподақ Орталығы, Батыс Қазақстан облысы ішкі істер департаменті Жергілікті полиция қызметі, «Жайық дауысы» ҚБ және «Жайық таңы» ҚБ арасында өзара ынтымақтастық және іс-қимыл жасасу меморандумға қол қоюмен аяқталды. Келісімнің басты мақсаты – қоғамдағы өзекті мәселені шешу жолында жұмылып жұмыс атқару.