Тәуелсіздік күніне орай кәсіподақ мүшелері марапатталды

Маңғыстау облыстық Кәсіподақтар орталығында Тәуелсіздік күніне орай салтанатты жиын өтті. Жиынға ҚР Кәсіподақтар федерациясы Төрағасының орынбасары Сатыбалды Даулеталин, «YNTYMAQ» орта және шағын бизнес жұмыскерлерінің Қазақстандық салалық кәсіподағы» РҚБ Төрағасы Қайрат Жанабеков, сонымен қатар, өзге де салалық және жергілікті кәсіподақтар бірлестігі төрағалары қатысты.

Жиында алғаш сөз алған Маңғыстау облыстық Кәсіподақтар орталығының төрағасы К.Жаулин жиналғандарды қастерлі мерекемен құттықтап, Тәуелсіз елдің тарихына шолу жасады.

Сонымен қатар, облыстық кәсіподақтар орталығы атынан бірнеше белсенді жұмысшыларға “Құрмет грамотасын” табыстады.

Республикалық Кәсіподақтар Федерациясы төрағасының орынбасары С.Даулеталин “Рухы биік, намысы үстем бабаларымыздың сан ғасырлар бойғы мақсаты – азаттықты аялау болса, біздің асыл мұратымыз – Тәуелсіздіктің тұғырын баянды етіп сақтау. Осынау мерейлі күні баршыңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға бақ-береке, толайым табыс тілеймін! Азаттық рухы асқақ, Тәуелсіздігіміз баянды болғай”, – деп жылы лебізін білдіріп, аумақтық кәсіподақтар орталығының төрағасы Киікбай Жаулин мен ардагер қызметкер Мейрамгүл Надирбаеваны Федерацияның атынан “Кәсіподаққа сіңірген еңбегі” үшін төсбелгісімен марапаттады.