sknews.kz: “Астанада алғаш рет энергетик еңбек әулеттері жиналды”

Саладағы еңбек шежіресі бірнеше ғасырға ұласқан мұндай әулеттер саны бүгінгі күні 270-тен асып отыр. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан энергетиктерінің салалық кәсіподағы ұйымдастыруымен алғаш рет өткен Энергетика саласындағы еңбек әулеттерінің республикалық форумында айтылды.

Форумды Қазэнергокәсіподақ төрағасы Оразбек Бекбас ашып, қазіргі кезде энергетика саласында Қазақстан кәсіпорындарында жылу және электр энергиясын өндіру мен таратуға ден қойған еңбек әулеттерінің үшінші буын өкілдері еңбек етіп жатқанын атап өтті. Қазэнергокәсіподақ жүргізген зерттеу еңбек әулеттері компанияның тұрақты дамуына оң әсер ететінін көрсетті.

“Еңбекші әулеттер – саланың қалыптасуының, нығаюының және одан әрі дамуының бүкіл тарихы бейнеленген айна іспеттес. Тиісті әулеттер санының жылдан-жылға өсіп келе жатқаны қуантады. Әріптестермен кездесіп, атқарылған істер туралы сөйлесуге мүмкіндік берген салалық кәсіподаққа рахмет”, – деді өз сөзінде Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов.

Форумға барлық өңірдегі 29 әулеттен 67 адам келді. Олар жылу және электр энергиясын өндіру, тасымалдау және тарату, өткізумен айналысатын мамандар, сондай-ақ көмір өндірушілер. Ең үлкен еңбек өтілі Степногорск ЖЭО-дан келген Коваленковтар отбасына тиесілі, оған 275 жыл толуда. Жалпы, форумға, әр династиядан 6-7 адамнан тұратын үш буынның өкілдері қатысты.

“Еңбек әулеті – отбасылық тәжірибе мен өз міндетіңе кәсіби көзқарасты ұрпақтан ұрпаққа жеткізуге қажет берік тізбек, бұл дегеніміз – ұлдарымыз бен немерелеріміздің көз алдында жасалудағы тарих, жақын адамдарымыздың кәсіпорын қызметіне қатысының болуы, қиын сәттерді бірге еңсеру, бұл – отбасын кез келген сынақта мықты етіп біріктіріп, жұмылдырады. Мен энергетика саласындағы өркендеуге ардагерлердің қаншалықты еңбегі сіңгенін тек еңбек әулеттері ғана шын сезіне алады деп ойлаймын”, – деді Қазақстан энергетикасы ардагерлері кеңесінің төрағасы Советхан Нұрпейісов қатысушыларға арнап сөйлеген сөзінде.

Форум бағдарламасы өте мазмұнды болды. Атап айтқанда, «Еңбек әулеттері аллеясы» фотокөрмесі көрермендердің үлкен қызығушылығын тудырды, стендтер барлық облыстардан шыққан әулеттердің даңқты еңбек жолы туралы баяндайды. Аллеяның лентасын ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары Мұхтар Тінікеев пен Энергетиктер ардагерлері кеңесінің төрағасы Советхан Нұрпейісов салтанатты түрде қиды.

“Осындай туыстық жылы ахуалға куә болу жаныма жақын, өйткені өзім де шахтерлердің еңбек династиясынан шыққанмын, – деді Мұхтар Тінікеев, – Маған еңбекпен тапқан нанның тәтті дәмі, ұжым болып жұмыс істеген кезде ғана қалыптасып, шыңдалатын мінез, әкең мен анаңның, бауырларыңның көзіне тік қарап, өмірде адал болып, басыңды тік көтеріп өтуге мүмкіндік беретін қасиеттерді қалыптастыру бала кезімнен таныс. Сондықтан династияларға құрмет көрсетіліп отырған Форумды керемет етіп ұйымдастырғаны үшін Қазэнергокәсіподаққа зор алғыс білдіремін”.  

Қатысушылар әулеттердің күнделікті өмірі туралы фильмнің көрсетіліміне қол шапалақтап, ризашылығын танытты. Бұдан соң әулеттерге құрмет көрсетіліп, Кәсіподақтар федерациясының, министрліктер мен қауымдастықтың Құрмет грамоталарымен және Қазақстан энергетиктері салалық кәсіподағының “Құрмет белгісі” медалімен марапаттау рәсімі өтті. Қазэнергокәсіподақ барлық әулетке 100 000 теңгеге сертификат тапсырды.  

https://sknews.kz/news/view/astanada-algash-ret-energetik-enbek-aeuletteri-ghinaldy