Ақтөбе облысының азық-түлік кешенін құраушы кәсіпорындар жұмысшылары кәсіподақтарға бірігуде

Ақтөбе облысында жұмыс сапарымен жүрген ҚРКФ төрағасы «Рамазан» ЖШС-нің нан комбинатына және «Айс» ЖШС сүт компаниясына барды.

ҚРКФ басшысы кәсіпорындардың қызметімен танысты.

Өзінің егістігінде егін егіп, наубайханасында нан жабатын «Рамазан» компаниясы – Ақтөбе облысында нан-тоқаш өнімдерін «егістіктен дүкен сөресіне дейін» өзі өндіретін жалғыз кәсіпорын. Сонымен қатар, облыстағы ең ірі ұн өндірушілердің бірі.

Мұнда ұн өнімдерінің 5 түрі шығарылады. Күніне 150 тоннаға дейін дайын өнім өндіреді.

Компанияда 324 адам жұмыс жасайды. Орташа жалақылары 133 мың теңге. Бүгін олар бастауыш кәсіподақ ұйымын құрып, ұжымдық шартқа отырды.

Ералы Тоғжанов еңбек ұжымының бастамасына қолдау көрсетіп, еліміздің кәсіподақтар қозғалысының қатарына кіруімен құттықтады.

«Бүгінде кәсіптік одақтар дегеніміз Еңбек адамының мәртебесін арттыру, әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғау, қауіпсіз жұмыс орындары, біліктілік пен кәсібилікті арттыру, лайықты жалақы», – деп атап өтті ҚРКФ басшысы.

Бұдан кейін ҚРКФ төрағасы «Айс» ЖШС сүт компаниясына барып, еңбек ұжымымен кездесті. Бұл – Қазақстан Республикасы нарығындағы сүт өнімдері өндірушілерінің көш басында тұрған әрі бір өзі бүкіл облысты сүт өнімдерімен толықтай қамтып отырған компания.

Бұл жерде ҚРКФ төрағасы өндірістің технологиялық кезеңдерімен танысып, дайын өнімнің қалай қатталатынын көрді.

1999 жылы негізі қаланған компания бүгінде «жайылымнан дүкен сөресіне» принципімен жұмыс істей алатын жоғары технологиялық заманауи кәсіпорынға айналған. Кәсіпорынның жылына 7200 тонна сүт өндіретін фермасы, 850 гектар жерде жем-шөп әзірлейтін өндірісі, тәулігіне 50 тонна өнім өңдей алатын зауыты бар.

Компания – әлеуметтік жауапкершілік бағыты бойынша қызметкерлер мен олардың отбасына қамқорлықтан бөлек, жалғыз басты аналарға және Тамды балалар үйінің тәрбиеленушілеріне көмек көрсетеді әрі «Қамкоршылық» – «Забота» қайырымдылық қорының құрылтайшысы.

Жұмысшылардың жалпы саны 400 адам.

ҚРКФ төрағасымен кездесуде компания басшылығы әлеуметтік әріптестіктің табысты үлгісін жүзеге асырып, алдағы уақытта кәсіпорында бастауыш кәсіподақ ұйымын құру туралы өз ниеттерін білдірді.

Ералы Тоғжанов ҚРКФ бұл бастамада барынша көмек көрсетуге дайын екендігін жеткізді.