ҚР Кәсіптік одақтар федерациясы мен Ақтөбе облысының әкімдігі арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды

ҚР Кәсіптік одақтар Федерациясының төрағасы Ералы Тоғжанов желтоқсанның 20-сы күні жұмыс сапарымен Ақтөбе облысына барды.

ҚРКФ төрағасы жұмыс сапарын облыс әкімі Оңдасын Оразалинмен кездеcуден бастады. Кездесу барысында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясы мен облыс әкімдігі арасында өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды.

Бүгінгі күні Ақтөбе облысында 130 мың мүшені қамтитын 1175 кәсіподақ ұйымы бар. Қазір жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың (12 724) кәсіподақ мүшелігімен 9,0 % ғана қамтылған. «Сондықтан, бастауыш кәсіподақ ұйымдарының санын көбейту қажет. Бұл тұста шағын және орта кәсіпкерлікке бса мән берілуі керек», – деді Ералы Тоғжанов.

Ақтөбе облысындағы 12 724 кәсіпорынның 8 787-імен ұжымдық шарт жасалған. Яғни бұл 69,1 %. ҚРКФ төрағасы бұл бағыттағы жұмысты да жеделдету керектігін айтты.

“2019 жылдың 11 айында Ақтөбе облысындағы өндіріс орындарындағы жазатайым оқиғалардан 68 адам зардап шеккен. Оның 11 көз жұмған. Өндірістік жарақаттануды болдырмас үшін жұмыс беруші де жұмысшы да қауіпсіздік және еңбекті қорғау, денсаулықты қорғау саласындағы нормативтік, құқықтық актілер мен нұсқаулардың орындалуы талап етілуі тиіс”, – деді ҚРКФ басшысы.

Ақтөбе облысында 812 Өндірістік кеңес жұмыс істеп тұр. Оның 80% кәсіподақ бастамасымен құрылған. Қоғамдық бақылауды кәсіподақтың 1,5 мың техникалық инспекторы жүргізіп отыр. Олар 2019 жылы 3 мың тексеру жүргізіп, еңбекті және қоршаған ортаны қорғау бойынша 7 мың заң бұзушылықты анықтаған.

Бұл өзекті мәселелердің шешілуі, нәтижесі мен сапасы әлеуметтік әріптестердің тиімді қарым-қатынас жасауына байланысты.

«Ақтөбе облысының әкімдігі Еңбек адамын қолдау мәселелерінде кәсіподаққа ылғи қолдау көрсетумен келеді және бұл әлеуметтік әріптестіктің тиімді және өзара жауапкершілігінің жақсы үлгісі бола алады. Бүгінгі кездесу ортақ мақсаттарға жетудегі кезекті маңызды қадам болатына сенемін», – деді Ералы Тоғжанов.

ҚР Кәсіподақтар федерациясың төрағасы Ералы Тоғжанов облыс әкімі Оңдасын Оразалинді әлеуметтік әріптестік тараптары арасында өзара тиімді байланыс жүйесін қалыптастыруға қосқан үлесін жоғары бағалай отырып,  “Үздік әлеуметтік әріптес” белгісімен марапаттады.