Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша бірлескен іс-шаралар жүзеге асырылады

«Антикор орталығында» Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар берлестігі мен​ Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыстық ​ департаменті тараптарымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша өзара ықпалдастық пен ынтымақтастық туралы екіжақты Меморандумға қол қойылды. ​

Шараға облыстық салалық кәсіподақ төрағалары, департамент қызметкерлері, БАҚ өкілдері қатысты. Меморандум аясында азаматтарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы құқықтық сауаттандыру саласында ынтымақтасу, жұмыстарды атқару барысындағы жемқорлыққа қарсы бастамаларға жәрдемдесу көзделеді. Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының бірінші орынбасары Бақытжан Ниязов сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру мәселелері бойынша ірі қоғамдық ұйым кәсіподақтардың белсенділігін, сыбайлас жемқорлыққа қарсы облыстық арнайы мониторинг құрамындағы облыстық кәсіподақ өкілдерінің ортақ істегі үлестерін атап өтті. ​

Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Серік Сермағамбетов сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресте қоғамдық ұйымдардың мемлекетпен бірлесе жұмыс жасауы ықпалды механизм екендігін ескере отырып, кәсіподақтар жүйесі де осы мақсатты жұмыстарға белсенді араласатындықтарын жеткізді. Облыстық кәсіподақ ​ төрағасы мемлекеттік мекемелер қызметкерлерінің жұмыстан кейінгі кешкі уақытта жұмыс жасау фактілерінің азаюы бағытындағы жұмыстарға, еңбек ұжымдарындағы әлеуметтік жағдайлар бойынша жәрдемақылар мен сыйақылардың кәсіподақ ұйымы бар мекемелерде Ұжымдық шарт талаптары бойынша заңды реттелуі мүмкіндіктеріне тоқталды.