Қазақстан Республикасы Кәсіптік одақтарының қатары таяуда тағы бір салалық кәсіподақпен толығуы мүмкін

Бүгін Ералы Тоғжановтың төрағалық етуімен ҚР Кәсіптік одақтар федерациясы Атқарушы комитетінің отырысы өтті.

Отырыста  атқарушы комитет мүшелері  «Қазкөміркәсіп» салалық көміршілер кәсіптік одағы» Қоғамдық бірлестігінің ҚР Кәсіптік одақтар федерациясына  кіру туралы өтінішін қарады. Аталған кәсіптік одақтың  14 850 мүшесі бар. Атқарушы комитет мүшелері тиісті қаулы қабылдап, бұл мәселе бойынша түбегейлі шешім федерацияның Бас кеңесінде шығарылсын деген қаулы қабылдады.

Сонымен қатар, отырыс барысында күн тәртібіне сәйкес бірқатар кадрлық ауыс-түйістер болды. Төраға орынбасары Ержан Ошақбайұлы Егембердиев  басқа жұмысқа ауысуына байланысты жұмыстан босатылды. Қазақстан Республикасы кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары лауазымына Өтешев Нұрлан Сулейменұлы  сайланды. Қазақстандық орта және шағын бизнес қызметкерлерінің «YNTYMAQ» салалық кәсіподағының төрағасы Жанабеков Қайрақбай Құттыбайұлы   Кәсіптік одақтар федерациясы төрағасының Инвестициялық жобалар және Маңғыстау облысындағы әлеуметтік-еңбек қатынастары бойынша штаттан тыс орынбасары болып сайланды. Маңғыстау облысы бойынша Кәсіподақтар орталығының төрағасы Кикбай Минбайұлы Жаулиннің басқа жұмысқа ауысына байланысты «Маңғыстау облысы кәсіподақтар орталығы» АҚБ төрағалығына  Мейіржан  Отарбайұлы Тұманов  сайланды.

Сондай-ақ,  отырыста Қазақстан Республикасы кәсіподақтар Федерациясының Бас Кеңес отырысын шақыру, күн тәртібінің жобасын және өткізу орнын бекіту қаралды. Бас Кеңсе отырысы  2020 жылдың 24 қаңтарында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін  болды.

Бұдан әрі   Бас Кеңес мүшесі –  Қостанай облысы бойынша кәсіподақтар Орталығының төрайымы Екатерина Смышляева   отырысқа қатысушыларға  Қостанай облысы бойынша кәсіподақтар Орталығының «Әлеуметтік инвестициялар орталығы» жобасын таныстырды.

Екатерина Смышляеваның айтуынша, пилоттық жоба аясында Әлеуметтік инвестициялар орталығын құру қарастырылған. Бұл орталық  кез-келген бастауыш кәсіподақ ұйымына әлеуметтік инвестицияларды басқаруға мүмкіндік береді. Жоба жұмысы арнайы платформа арқылы краудфандинг принципі бойынша жұмыс істейтін болады. Яғни кәсіподақтар мүшелері өз жарналарын қай бағытта иә болмаса қандай жобаға инвестициялайтындарын өздері таңдай алады. Отырыста атап өтілгендей, Кәсіби одақтардың әлеуметтік инвестициялары жұмыссыз қалған жұмыс күшін басқаруға, қайта дайындап, басқа жұмысқа тұрғызуға және өз тараптарынан жаңа жұмыс орындарын ұйымдастыруға бағытталатын болады. Жоба аясында отандық білім ресурстарына қолжетімділікті қамтамасыз ететін интерактивті кәсіби биімдеу хабын құрылады. Сонымен қатар, жаңа жылдан бастап жоба аясында әлеуметтік лизинг бағдарламасы іске  қосылады.

Отырысқа қатысушылардың пікірінше, аталған жоба адам капиталына инвестиция. Бұл  білім миграциясын азайтып, жұмыс күшінің сапасына оң әсер етеді әрі тұрғындардың жұмыспен қамтылу деңгейін арттырып, еңбек нарығындағы мамандықтардың тең болуына сеп болады.