Сенат Депутаттары Жамбыл өңірінің кәсіподақтарымен кездесті

Бүгін Жамбыл облысының әкімдігінде Қазақстан Республикасының Парламентінің Сенат депутаттары Қайрат Қожамжаров, Мұратбай Жолдасбаев және Әбдәлі Нұралиевтің өңірдің кәсіподақ ұйымдарының жетекшілері мен белсенділерінің басын қосқан кездесуі өтті.


Кездесуді ашқан Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков қадірлі қонақтарды жиынға қатысушыларға таныстырып өтіп, алғашқы сөз кезегін Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепбергенге берді.

Өңірдегі кәсіподақ ұйымдарының тыныс-тіршілігі жайлы баяндай келе Мейрамбек Төлепберген бүгінгі таңдағы Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының ұстанып отырған бағыт-бағдары мен алдағы міндеттеріне де тоқтала кетті. Сонымен қатар, еліміздің заң шығарушы жоғарғы орган өкілдеріне қазіргі кездегі кәсіподақ ұйымдарының қолданыстағы еңбек заңнамасы мен кәсіптік одақтар туралы заңнамаларды жетілдіру бойынша жолдап отырған ұсыныстары да айтылды.

Баяндамадан соң депутат Қайрат Қожамжаров кәсіподақ өкілдеріне көкейде жүрген мәселелерін жеткізіп, диалог форматында әңгімелесуге шақырды.
Алғашқы болып өңірдегі ең ірі өндіріс ошағында отыз бес жылдан астам кәсіподақ жетекшісі болып табылатын «Казфосфат» ЖШС кәсіподақ ұйымының төрағасы Байғанов Шахтыбай өз ұсынысын білдірді. Бұл жерде еңбек заңнамасына сәйкес жеке еңбек дауларын қарайтын әрбір кәсіпорын мен мекемеде болуы тиіс келісім комиссиясының құрамындағы кәсіподақ өкілдерінің кепілдіктері көтерілді.
Сол сияқты өз пікірімен бөліскен «Жамбыл облысы білім және ғылым саласы қызметкерлерінің жергілікті кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестіктерінің төрағасы Ерұлан Мағзымбеков ең көп кәсіподақ мүшесі бар білім саласының да өзекті мәселелерін ортаға салды. Соның ішінде ауылдық жердегі білім саласы қызметкерлерінің 25% қосымша үстемақысы мен жоғарыда келтірілген келісім комиссиясын жұмыс берушіге тәуелді етпеу және т.б. айтылды. Бұдан бөлек ұжымдық шарттың өз тәжірибелеріндегі оңтайлы тұстарымен бөлісті.

Ал ауыл шаруашылығы саласындағы өңірлік кәсіподақ жетекшісі Нұржан Мәліков осы саладағы еңбеккерлер елімде ең төменгі еңбекақы алатындарын айтып, осы мәселеге жете назар аударса деген ойымен бөлісті.
Кездесуді қорытындылаған Сенат депутаттары өздерінің еңбек адамдарына әрдайым ашық екендерін жеткізіп, кәсіподақтар қозғаған мәселелерді өз құзыреті шеңберінде шешуге ықпал ететіндерін айтты.

Кездесуге сондай-ақ Жамбыл облысы әкімінің орынбасары, облыстық үшжақты комиссияның төрағасы Нұржан Кәлендеров, Еңбек инспекциясының басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Бүгінгі жиын халық қалаулылары мен еңбек адамының қамқоры – кәсіподақ өкілдерінің арасында емен-жарқын, түсіністікпен өтті.