«Тәжірибе алаңы-2020» ізденістерге толы

2020 жылдың 2-5 қаңтары аралығында Қызылорда облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ комитеті және «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының ұйымдастыруымен «Жаңақорған» шипажай базасында облыс көлемінде шығармашылықпен жұмыс жасайтын ұстаздардың қатысуымен облыстық «Тәжірибе алаңы-2020» өткізілді.

Тәжірибе алаңының мақсаты – ұстаз мәртебесін көтеру, шығармашылықпен жұмыс жасайтын ұстаздардың шығармашылық әлеуетін, кәсіби құзыреттілігін, мұғалімдердің үздік тәжірибесін анықтау, тарату.

Ашылу салтанатында кәсіподақ комитеті төрайымының орынбасары Г.Есқалиева сөз алып, облыстық жобаның маңыздылығына тоқталып өтті. Сонымен қатар институттың аға оқытушысы, ұйымдастыру алқасының жетекшісі С.Құсейнов қатысушыларды «Тәжірибе алаңының» жұмыс жоспарымен таныстырып, қатысушыларға шығармашылық табыстар тіледі.

Жиын аясында «Мұғалімнің жеке ізденіс зертханасы» кәсібилік көрмесі ұйымдастырылып, шығармашыл мұғалімдердің инновациялық жобалары мен ғылыми ізденістері, халықаралық, республикалық, облыстық деңгейлерде марапатталған мұғалімдердің жетістіктері көрсетілді.Ұйымдастыру алқасы мен сарапшылардың шешімі бойынша аудандар бойынша келіп түскен әдістемелік құралдар мен нұсқаулықтар, авторлық бағдарламалар, дидактикалық материалдар сарапқа салынды.

Тренерлер Ж.Жубауова, О.Орманов, Г.Алиаскарова оқу үдерісінде түрлі жаңа инновациялық әдіс-тәсілдерді пайдалана отырып сабақты жоспарлауға, бағалау үдерістерінің дамуына ықпал ету мақсатында қызығушылығы мен пән бойынша топтық жұмыстар (фасилитациялық сессия) жүргізді. Сонымен қатар «Ауыл кеші көңілді» өнер кешіне қалалық және аудандық білім бөлімдері командалары түгелдей белсенді қатысып, көңілді ән, билерімен әзіл-шыны аралас көріністерімен өз өнерлерін ортаға салды.

Сонымен қатар «Тәжірибе алаңы» жобасы барысында айтыс, тоғызқұмалақ, шахмат ойындарынан сайыс, «Үздік әлеуметтік педагог-2020» байқауы, «Әзілің жарасса….» (эпиграмма, пародиялар мен көріністер, КТК) кеші өткізілді.

Тәжірибе алаңы барысында қызығушылығы бойынша топтар жұмысының қорытынды үлгісі қорғалды. Сонымен қатар «Облыстық Тәжірибе алаңы: проблемалар, перспективалар» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілді.

Алаң жұлдызы номинациясына Жаңақорған ауданының №160 мектебінің математика пәнінің мұғалімі Қошанов Абзал ие болды.