Шымкентте кәсіподақ көшбасшыларының мектебі ашылды

Көшбасшы. Қоғамның қозғаушы күші бола алатын көшбасшылық – көпке берілмейтін сирек қасиет.

Көшбасшы жастардың осынау қабілетін аша білу, оны қоғамның дамуында тиімді пайдалану білу – маңызды міндет.

Осыны ескерген “Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы” аумақтық кәсіподақтар бірлестігінінің өкілдері кәсіподақ көшбасшыларының мектебін құрды. М.Әуезов атындағы ОҚМУ, Шымкент аграрлық колледжі, Мемлекеттік Оңтүстік Қазақстан политехникалық колледжі студенттері алғашқы дәрісте Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің өкілдері Берік Бекжановпен және салалық кәсіподақтар бірлестігінің басшыларымен кездесті.

Еркін форматта өткен алғашқы дәрісте жастар көшбасшылық туралы ойларын ортаға салып, алдыңғы буын ағалардың осынау тақырыптағы түйінді ойларына да қанықты.

Бірлестік төрағасы Берік Айдарбекұлы елімізде көшбасшы жастарды қолдау мүмкіндіктерінің молынан екенін айта келе еліміздегі ең ірі ұйым – кәсіподақтардың да жастар саясатына белсене араласып, көшбасшы жастарды өз қанатының астына шоғырландыра отырып, елдің дамуына еңбек етіп жатқанын ерекше атап өтті.

Алдағы уақытта кәсіподақ көшбасшыларының мектебінде психологиялық тренингтер ұйымдастырылып, өскелең ұрпақтың белсенділігін арттыру үшін түрлі бастамалар қолға алынатын болады. Бүгінгі жас – ертеңгі еңбек адамы. Ендеше, жұмысшының құқын қорғап, экономикамыздың локомотиві – еңбеккердің мәртебесін көтеретін кәсіподақ ұйымының тыныс-тіршілігі мен ұстанымын бүгінгі жас білуі ләзім.

Осы мақсатта жастарға арнайы дәрістер ұйымдастырылатын болады. Онда жастар еліміздегі ең ірі ұйым кәсіподақтың атқарып жатқан қыруар жұмысымен етене танысуға мүмкін алатын болады.