Мемлекеттік қызметшілердің конференциясында еңбек саласының мәселелері қарастырылды

2020 жылдың 17 қаңтар күні «Кәсіподақтар үйі» ғимаратында «Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы» ҚБ Қарағанды облысы филиалының I кәсіподақтық есеп беру-сайлау конференциясы өтті.

Делегаттар облыстық филиалдың 2019 жылғы жұмысы бойынша аралық есепті қабылдады, комитеттің, тексеру комиссиясының және облыстық филиалдың төралқасының мүшелерін сайлады.

Конференция жұмысына Қарағанды облысының Кәсіподақтар орталығының төрағасы Болат Жұмабеков, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша Департаментінің басшысы Айгүл Байханова қатысып, сөз сөйледі.

Делегаттар бірінші жыл жұмыс кезеңінің өзінде кәсіподаққа 1500-ден астам адам тіркеліп, 41 бастауыш кәсіподақ ұйымдары ашылған Қарағанды облыстық филиалының құрылған кезінен бастап атқарған оң жұмысын атап өтті, Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясымен сала қызметкерлері үшін қолайлы жағдай жасау бойынша бірлескен қызмет туралы айтып берді, салалық кәсіподақтың облыстық филиалының алдына мемлекеттік және азаматтық қызметкерлердің заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау бойынша міндеттер қойды. Қарағанды облысының кәсіподағының бірқатар белсенді мүшелері Салалық кәсіподақтың құрмет грамоталарымен марапатталды.

Конференция делегаттары Мылтықбай Газалиевті облыстық филиалдың төрағасы етіп, Айгүл Кубелекованы тексеру комиссиясының төрайымы етіп сайлады, сонымен қатар ағымдағы жылдың сәуір айында Нұр-Сұлтан қаласында өтетін Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағының XI съезіне делегат сайлады.

Сол күні Мемлекеттік, банк мекемелері және қоғамдық қызмет көрсету қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Мирболат Жақыпов Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Мылтықбай Газалиев, «Мемлекеттік және азаматтық қызметшілердің жергілікті кәсіподағы» ҚБ төрағасы Татьяна Пурясева, «Аумақтық әділет органдары қызметкерлерінің кәсіптік одағы» ҚБ төрағасы Светлана Сулейменова және «Қарағанды облысының Статистика жергілікті кәсіподағы» ҚБ төрағасы Елена Черногорованың қатысуымен өткен жұмыс жиналысын өткізді.