Кәсіподақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы

Тараз қаласында Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Жамбыл облыстық департаменті жанындағы «Антикор» сервистік орталығының салтанатты ашылуы өтті.

Нысанның тұсау кесер рәсімі өткен соң, орталықтың мәжіліс залында жиынға қатысушыларға арналған брифинг ұйымдастырылды.

Брифингте Жамбыл облысының әкімі А.Мырзахметов, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі төрағасының орынбасары Н.Шабдар, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Жамбыл облыстық департаментінің басшысы Ә.Әшірбаев, сондай-ақ Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы М.Төлепберген сөз сөйледі.

Кәсіподақ жетекшісі қоғам дамуы үшін әлеуметтік әділеттіліктің маңызы зор, бұл орайда еңбек адамдарының барлық уақытта мемлекетшілдік қасиетті ұстана отырып, қоғам мүддесін жоғары қоятынын атап өтті. “Ал коррупция – қоғам үшін жегі құрт. Оған қарсы тұратын ортақ қоғамдық ой-сананы қалыптастыру жолында барлық уақытта адал қызмет ету – басты шарт”, – деді.

Жиында Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестігі төрағасының орынбасары, облыстық арнайы мониторингтік топтың мүшесі Б.Қарауловқа сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты жүзеге асыруға қосқан зор үлесі және белсенді азаматтық ұстанымы үшін Агенттіктің Төрағасы А.Шпекбаевтың Алғыс хаты табыс етілді.