Дауларды сотқа дейін реттеу – заман талабы

Ағымдағы жылғы қаңтар айында «Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институты» РМҚК БҚО филиалы «Жеке еңбек дауларын шешу» тақырыбы бойынша біліктілікті арттыру курсын өткізді.

Курсқа облыстық кәсіподақ ұйымының, қала мектептері мен колледждер, облыстық білім беру мекемелерінің Жеке еңбек дауларын шешу жөніндегі келісім комиссия мүшелері қатысты.

Қолданыстағы Еңбек Кодексі бойынша тараптар ҚР еңбек заңнамасы мен еңбек дауларында келіссөздер жүргізу және консенсусқа қол жеткізуді дамытудың негізгі заңдылықтары туралы білімдерін жетілдірді.

Біліктілікті арттыру курсында алдымен сөз алған БҚО Кәсіподақтар орталығы төрайымының орынбасары Бауыржан Атауов кәсіподақтардың негізгі міндеті – ол еңбек адамының құқығын қорғау және туындаған еңбек дауларын ұжымдарда алдымен Келісім комиссиясымен қарап, сотқа жеткізбей шешудің маңыздылығына тоқталып, белсенділік танытып қатысып отырғандарға ризашылығын білдірді.

Курстың бірінші бөлімінде Ерсайын Кыдыров ҚР Еңбек заңнамасының негіздері, ондағы соңғы өзгерістер мен толықтырулар, келісім комиссияларымен жеке еңбек дауларын қарау, жалпы келісім комиссиясын құру тәртібі, комиссияның жұмысын қамтамасыз ету, құжаттарын рәсімдеу және комиссия шешімдерін орындау тәртіптері туралы айтып өтті.

Курстың екінші бөлімінде қатысушылар соттасу, талап-арызды рәсімдеудің кейбір ерекшеліктері, сотқа жүгіну мерзімдері, сот шешімін орындау тәртібі, еңбек дауларын ескерту бойынша шаралар сияқты өзекті мәселелер бойынша білім алды. Сонымен қатар, еңбек заңнамасын бұзуға әкелетін типтік қателерді талқылап, талдау жасап, заңнаманы бұзушылықты болдырмау жолдарының түрлі нұсқалары да қатысушылардың назарына ұсынылды.

Курс барысында қатысушылар келісім комиссиясының жұмысы, ондағы мүшелік туралы, оны құру тәртібі және ұжымдағы еңбек қатынастарын реттеуде пайда болатын, өздерін мазалаған мәселелер бойынша сұрақтарына жауап алды. Қатысушыларға «Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Еңбекті қорғау жөніндегі республикалық ғылыми-зерттеу институты» РМҚК БҚО филиалының сертификаттары табысталды.