Педагог мәртебесі – мемлекет мүддесі

Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің төрағасы Марат Даупаев Ақжайық аграрлық-техникалық колледжі бастауыш кәсіподақ ұйымының кәсіподақ мүшелерімен кездесті.

Кездесуге колледж ұжымы, ардагер ұстаздар мен колледж директоры Қуандық Габдушев, Ақжайық аудандық кәсіподақ ұйымының төрағасы Максим Үмбеталиев қатысты.  Облыстық салалық кәсіподақ төрағасы іс-сапар барысында алдымен колледждің материалды-техникалық базасымен және еңбек қауіпсіздігі жағдайымен танысты.

«Педагог мәртебесі туралы» Заңның шығуына байланысты жиын барысында қатысушылар өз ойларымен бөлісіп, кейбір өзекті мәселелер туралы сұрақтарына жауап алып, оқытушылардың апталық жүктемелерінің 2021 жылдан бастап 16 сағатқа қысқаратындығын және оқытушыларға теңестірілген тұлғалардың, соның ішінде әдіскерлер мен мектепке дейінгі білім беру ұйымдарындағы тәрбиешілердің жылдық ақылы еңбек демалыс күндері 56 күнтізбелік күнге ұзаратындығына, сынып жетекшілігі мен дәптер тексеру, сондай-ақ, тәлімгерлер мен магистр ғылыми дәрежесі үшін қосымша ақы төленетіндігін қуана қуаттады.

Білім саласындағы көптеген өзгерістер, соның ішінде «Педагог мәртебесі туралы» жаңа Заңның қабылдануы – Парламентке дейін ұсыныстарды жеткізіп, білім беру ұйымдарымен жүргізілген облыстық кәсіподақ ұйымының жүйелі жұмыстарының нәтижесі.

Еңбек ұжымына заңды құжатты таныстыру мен талқылау мақсатындағы тапсырма орындалып, кәсіподақ мүшелерімен өткізілген жиын сәтті аяқталды.