Жыл нәтижелері қорытындыланып, жаңа межелер айқындалды

Ағымдағы жылы Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Қызылорда облыстық ұйымының XXIX есеп беру-сайлау конференциясы өтті.

Конференция жұмысына Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Н.Байқадамов, “Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы” республикалық қоғамдық бірлестігі төрайымы А.Мұқашева, аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы С.Сермағамбетов, облыстық білім басқармасының басшысы М.Мелдебекова, сала ардагерлері, кәсіподақ белсенділері қатысты.

Салалық облыстық ұйым төрайымы Р.Байназарова 2015-2019 жылдар аралығындағы облыстық ұйыммен атқарылған жұмыстар туралы есеп берді. “Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы” РҚБ төрайымы А.Мұқашева конференция қатысушыларының «Педагог мәртебесі туралы» Заң аясындағы сұрақтарына жауап беріп, салалық кәсіподақтың жұмыс бағыттары туралы әңгімеледі.

Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы С.Сермағамбетов сала қызметкерлерінің әлеуметтік-еңбек құқықтарын қорғау, олардың мүдделерін білдіру шеңберіндегі аймақта атқарылған жұмыстармен қатар, алдағы бағыттардың маңыздылығына тоқталды. Конференция делегаттарының дауыс беруі нәтижесінде Гүлнәр Есқалиева білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподығының Қызылорда облыстық ұйымы төрайым болып сайланды. Г.Есқалиева осы уақытқа дейін облыстық кәсіподақ ұйымының төраға орынбасары қызметін атқарған.