Кәсіподақтардың араласуымен Ақтөбе локомотив депосының басшылығы қызметінен шеттетілді

Ақтөбе локомотив депосы жұмысшыларының наразылығы негізінде депо басшысы Талғат Медеубаев пен оның орынбасары Аманбек Советбаев қызметтерінен шеттетілді. Бұл еңбек дауына кәсіподақтардың араласуының арқасында мүмкін болды.

Ақтөбе облысының кәсіподақтар орталығы мен ҚТЖ салалық кәсіподағының батыс филиалының басшылары туындаған жағдайға сәйкес шұғыл түрде әрекет етті.

Осы орайда жағдайды толыққанды зерттеп, шешу үшін Ақтөбе облысының кәсіподақтар орталығының төрағасы Алтынбек Әмірғалиев ведомствоаралық комиссия мүшелерімен кездесіп, қазіргі жағдай туралы ақпарат алды.

Кәсіподақтар орталығы төрағасының мәлімдеуінше, басшы міндетін уақытша атқару осы депоның инженері Е.Кусниязовқа жүктеледі.

Өндірістік цикл үзілмеді, барлық жұмысшылар өз жұмыс орындарында, кәсіпорын штаттық режимде жұмыс істеуде.

Ұжымдық шарт 2018-2020 жылдарға бекітілген, кәсіпорын жұмысшылары жалпы жиналыста шартпен танысты.

Комиссия мүшесі, бастауыш кәсіподақ ұйымының сарапшысы М.Мұхтаров Ақтөбе облысының кәсіподақтар орталығын комиссияның өткізіп жатқан жұмысы туралы күнделікті хабарландырып отырады.

3 ақпанда кәсіподақ ұйымдарының өкілдері кәсіпорынның бір топ жұмысшыларымен тағы да кездесу өткізеді.

Естеріңізге сала кетсек: Ақтөбе облысының Еңбек инспекциясы басқармасына көлік прокуратурасы арқылы  «ҚТЖ» ҰК» АҚ «Ақтөбе жолдар бөлімшесі» «Ақтөбе ТЧЭ локомотив пайдалану депосының» 69 жұмысшысынан ұжымдық арыз түсті.

Арызда кәсіпорынның бірінші басшысының бейәдеп іс-әрекеті, ұжымда қалыптасқан психологиялық жағдайдың күрделілігі, сондай-ақ жұмысшылардың еңбек шартында қарастырылмаған жұмыстарды атқаруы көрсетілген.

Бүгінде кәсіпорында ведомствоаралық комиссия жұмыс істейді, құрамына бастауыш кәсіподақ ұйымының сарапшысы М.Мұхтаров, «ҚТЖ» ҰК» АҚ орталық және жергілікті құрылымдар басшылары, арыз берушілердің қатарынан локомотивтің екі машинисі Д.Қуанышев пен Ж.Тажиев, сондай-ақ көлік прокуратурасы өкілдері кірді.

ҚР Кәсіптік одақтар федерациясының баспасөз қызметі