Ардақты ақсақал Бектұр Төлеуғалиұлы 80 жылдық мерейтойында «Кәсіподақ ардагері» төсбелгісімен марапатталды

Ақтаудағы Абай атындағы мәдени-демалыс кешенінде «Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері», «Маңғыстау облысының Құрметті азаматы», «Құрметті журналист» Бектұр Төлеуғалиұлының 80 жылдық мерейтойына арналған мерекелік шара өтті.

Салтанатты шараға Маңғыстау облысының әкімі С.Трұмов, аймақтың көрнекті қоғам қайраткерлері мен мемлекеттік мекемелердің басшылары және белгілі қаламгерлер қатысып, Бектұр Төлеуғалиұлын мерейлі жасымен құттықтап, қаламгердің елге сіңірген еңбегін атап өтіп, ақжарма тілектерін арнады.

Мерекелік кеште Маңғыстау өнерпаздары ән мен күйден шашу шашса, бишілердің орындауындағы ұлттық нақыштағы билер көпшіліктің көңілін көтерді. Өмір жолы жас ұрпаққа үлгі-өнеге боларлықтай, елінің өркендеп, дамуы жолында ерен еңбек етумен тек қана Маңғыстау өңіріне ғана емес, сондай-ақ бүкіл Қазақстанға танымал ардақты ақсақал Бектұр Төлеуғалиұлына бұл кеште көп құттықтау-тілектер арналды.

Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Тоғжанов Ералы Лұқпанұлының құттықтау хатын Маңғыстау облысының Кәсіподақ Орталығының төрағасы Мейіржан Тұманов оқыды.

Хатта жас ұрпаққа рух дарытып, бүкіл Қазақстанға​ еңбегі сіңген құрметті Азаматтың ел мақтанарлықтай өшпес із қалдырғаны айтылған. Сонымен қатар,  Бектұр Төлеуғалиұлы «Кәсіподақ ардагері» төс белгісімен марапатталып, иығына ата салтымен шапан жабылды. Және де құрметті кәсіподақ ардагеріне шипажайға жолдама ұсынылды.