БАҚ-пен байланыс жұмысы талқыланды

Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестігінің бастамасымен кәсіподақтар үйінде облыс әкімінің баспасөз қызметінің қолдауымен Жамбыл облысы әкімдігіне қарасты 25 басқарма мен 6 аудан әкімдінің баспасөз қызметіне жауапты қызметкерлермен кездесу өтті.

Сан-саланы қамтыған басқармалардың қарамағында мыңдаған адам еңбек етеді. Әрине, көпшілігі кәсіподақ мүшелері. Еңбек адамына жағдай жасау мен олардың мүддесін қорғауда, қоғаммен тікелей байланыста баспасөз қызметінің алар орны ерекше.

Осындай жаңа форматта және қатысушылар құрамында алғаш рет өтіп отырған кездесуде Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы М. Төлепберген ҚР Кәсіподақтар федерациясының Бас кеңесінде қабылданған Федерацияның Ақпараттық саясат концепциясы туралы, «Қазақстан кәсіподағы» газетінде жарияланып жүрген материалдар жайында, еңбеккерлердің құқы мен лайықты өмір сүруі жайында жан-жақты айтып берді.

Сондай-ақ, Кәсіподақтар федерациясының қызметі жайлы 2017 жылы БАҚ-та 52 материал жарық көріп, әлеуметтік желіде 107 материал жарияланса, 2018 жылы 402 материал жарық көріп, әлеуметтік желілерде – 3373 посттар жарияланған. Ал, 2019 жылы 4214 мақалалар мен телематериалдар шығалырып, әлеуметтік желілерде 27198 материалдар жарық көргенін атап айтты.

Жиынға қатысқан басқармалар мен аудан әкімдіктерінің баспасөз қызметінің жетекшілері өз саласында материалдар дайындау, өздерінің қызметтерін шыңдауға байланысты түрлі сұрақтарын қойып, жауаптарын алды.

Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлсара Мұхтарқұлқызының мәлімдеуінше, басқармалар мен аудан әкімдіктерінің баспасөз қызметінің жұмысы бір жүйеге қойылуда. Осы орайда басқармалар мен аудан әкімдіктерінің облыстық кәсіподақтармен тығыз байланыста жұмыс істеу өзекті мәселе және қажетті екеніне назар аударды.

Кәсіподақ ұйымдарының белсенді қызметі бұл күндері қоғамда айқындала түскенін, жаңару мен жаңғырту жұмыстары нәтижелі жүргізіліп жатқанын ескеретін болсақ, ақпараттық насихат жұмысын жетілдіру ортақ тәжірибе үшін пайдалы және бүгінгі кәсіподақтардың жаңашыл бағыттары баспасөз қызметі жетекшілерінің қызығушылық туғызып отыр.