Қазақстан Кәсіподақтары федерациясы мен Өзбекстан кәсіподақтары бірқатар бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселесін талқылады

10-11 ақпан күні ҚРКФ төрағасының бірінші орынбасары Сатыбалды Дәулеталин бастаған Қазақстан Республикасы Кәсіптік одақтар федерациясының делегациясы жұмыс сапарымен Ташкент қаласына (Өзбекстан) барды.

Екі күндік іссапар барысында Өзбекстанның Кәсіподақтар федерациясымен тәжірибе алмасуға бағытталған бірқатар іскерлік кездесулер жоспарланған.

ҚРКФ делегациясының жұмыс сапары ұлы қазақ ойшылы Абай Құнанбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды.

Содан кейін Өзбекстанның Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Кудратилла Рафиковпен және кәсіподақтар активімен кездесу болды.

Кездесуге қатысушылар екі елдің әлеуметтік-еңбек саласындағы қазіргі жағдайды, сондай-ақ кәсіподақ ұйымдарының еңбеккерлердің құқығы мен мүддесін қорғау үшін атқарып жатқан шараларын талқылады.

Қазақстан және Өзбекстан кәсіподақтары арасындағы екіжақты әріптестікті ұлғайтудың маңыздылығын атап өте келе, тараптар жұмысшылардың құқықтары мен мүдделерін қорғауға бағытталған бірқатар бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екендіктерін жеткізді. Бұл жерде еңбеккерлерді шипажайлық-курорттық сауықтыру, кәсіподақ туризмін дамыту және кәсіподақ кадрларын оқыту мәселелері қозғалды.

Іссапар Кадрларды жетілдіру институтын аралаумен жалғасты. Мұнда ҚРКФ делегаттары ХЕҰ бағдарламасы бойынша кәсіподақ тренерлерінің оқыту курстарын тыңдаушылармен кездесіп, мекеменің жұмысымен танысты.

Бірінші күннің қорытындысы ретінде Өзбекстанның агроөнеркәсіптік кешен, сонымен қатар сауда және кәсіпкерлік саласы жұмысшыларының салалық кәсіподақтарының өкілдерімен кездесу өтті.

Пікір алмасу аясында қатысушылар бірлескен әлеуметтік және инвестициялық жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігін қарастырды.

ҚР Кәсіптік одақтар федерациясының баспасөз қызметі