Алматы облысының ұстаздары «Педагог мәртебесі туралы» Заңды талқылады

Ұстаздар қауымының бүгінгі келбетін айқындап, Елбасы Н.Ә. Назарбаев соңғы Жолдауында «Педагог мәртебесі туралы» Заңның жобасын жасақтауды тапсырған еді. Оған қарапайым ұстаздардың ұсыныстары жинақталды.

Аталған Заң 2019 жылдың 27 желтоқсанында қабылданды. Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподағы педагогтардың мәртебесін арттыратын Заңды өңірлердегі педагогтарға түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.

Ағымдағы жылдың 13 ақпан күні кәсіподақ өкілдері Алматы облысындағы бірқатар аудандарда болып, Заңның ауқымдылығы және орындалу барысын түсіндіріп, Кербұлақ және Көксу аудандарында кездесу өткізді.

Ал, 14 ақпан күні кәсіподақ төрайымы Айгүл Мұқашева облыс орталығында І. Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университеті ректоры Қуат Баймырзаевтың қабылдауында болып, ұстаз мамандығы бойынша білім алып жүрген студенттер және жас мамандармен жүздесіп, кәсіподақ филиалының жұмысымен танысты.

Сонымен қатар, оқу орнындағы мәжіліс залда оқытушы-профессорлық құрамы, Ескелді, Қаратал аудандары мен Талдықорған, Текелі қалаларының ұстаздарымен кездесу өткізді.

Кездесуді Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Садық Әбдіқадыров жүргізіп, облыстық ұйымның атқарған жұмысына тоқталып, «Педагог мәртебесі туралы» Заң барлық білім беру мекемелерінде талқыланғанын айтты.

Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Айгүл Мақсатқызы кәсіподақтардың атқаратын жұмысын айтып, мақсаттары мен міндеттерін нақтылап берді. Сондай-ақ, «Педагог мәртебесі туралы» Заңның негізгі бағыттарын түсіндіріп, баптарына жекелей тоқталды.

«Кәсіподақ ұстаздардың құқығын қорғау жолында жұмыс жүргізіп келеді. Әлі де болса, шешімі табылмаған мәселелер бар. Оны «Педагог мәртебесі туралы» Заңында көрсетілген баптар аталған мәселелерді шешуді ұсынды. Алдағы уақытта осы Заң шеңберінде жұмыс істейміз және кәсіподақ мүшелерін қорғайтын боламыз», – деді салалық кәсіподақ төрайымы Айгүл Мақсатқызы.

Салалық кәсіподақтың құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Райхан Қыдырбаева ұстаздар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап беріп, құқықтың кеңестерімен бөлісті.