Ұстаздарды әлеуметтік қолдауға бағытталған Заң

«Педагог мәртебесі туралы» Заң нормаларын түсіндіру мақсатында Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының өкілдері Алматы облысына жұмыс сапарымен келді.

Алдымен кәсіподақ өкілдері жер жәннаты – Жетісу өлкесіндегі Кербұлақ ауданының ұстаздарымен жүздесті.

Сарыөзек ауылы, Ә. Сарыбаев атындағы мәдениет үйінде өткен кездесуге Кербұлақ ауданы әкімінің орынбасары Бекзат Мыржиев, аудандық білім бөлімінің басшысы Ермек Досалбаев, білім беру мекемелерінің басшылары, сала қызметкерлері, ардагер ұстаздар, жалпы саны – 300 педагог қатысты.

Жиынды Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрағасы Садық Әбдіқадыров жүргізіп, ұйымның құрылымына және 2019 жылы атқарған жұмыстарына тоқталып, Кербұлақ ауданының тыныс-тіршілігі жайында сөз етті.

«Кербұлақ ауданында 50 білім беру мекемесі бар. Оқу жылында 2012 ұстаз жұмыс істеуде. Оның 439-ы жас маман болса, 27-сі биылғы оқу жылында жұмысқа қабылданған. Үш ауысымды, апатты мектептер жоқ. Алайда, аудан көлемінде әр пәндерден 102 маман жетіспейді.  Осы мақсатта аудандық білім бөлімі мен кәсіподақ филиалы бірлесіп жұмыс істеуде», – деді облыстық кәсіподақ ұйымының төрағасы Садық Нұрсапаұлы.

Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Айгүл Мұқашева  кәсіподақтың ұстаздардың еңбек құқықтары мен кәсіби мүдделерін қорғау мақсатында атқарған жұмыстары туралы ақпарат берді, қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» Заңның баптары мен бағыттарына тоқталды.

Айгүл Мұқашеваның айтуынша, жаңадан қабылданған Заңның негізгі ұғымындағы педагогтік әдеп және тәлімгерлікті тағайындау мәселесіне зер салынады.

«Бұл жалпы ұстаздардың құқығы мен міндетін білуіне ықпал етеді. Біз педагогикалық әдепке көңіл бөлуіміз керек. Онда ұстаздардың қызметтік орында белгіленген тәртіпке бағынуы және білім беру процесін сапалы жүргізуге өзіндік ықпалын тигізеді. Жас мамандарға тәлімгер тағайындау мәселесі де өте маңызды. Себебі, жоғары оқу орнын аяқтап келген ұстаздың кәсіби қызметіне практикалық көмек көрсетіп, бағдарын айқындауға, ынтамен жұмыс істеуіне тағайындалған тәлімгер септігін тигізеді. Көрсеткен қызметіне биылдан бастап белгіленген мөлшерде қосымша қаражат төленеді», – деді өз сөзінде Айгүл Мақсатқызы.

Ал, салалық кәсіподақтың құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Райхан Қыдырбаева білім беру саласының қызметкерлері тарапынан қойылған сауалдарға  жауап беріп, құқықтық кеңестерімен бөлісті.

Аудан педагогтары атынан ардагер ұстаз Жақыпбеков Ұлдахан Оразұлы кәсіподақ белсенділеріне алғысын білдірді.