“Келешек” жастары шетелдік мамандармен пікір алмасты

Ағымдағы жылғы 14 ақпан күні Батыс Қазақстан облысы Кәсіподақтар орталығының жанындағы «Келешек» жастар ісі жөніндегі кеңесінің ұйымдастыруымен шетелден келген тіл мамандарымен еркін сұхбат форматында іс-шара өткізілді. Кездесудің ең басты қонақтары – Филиппин елінен келген ағылшын тілінің мамандары Ильдефенсо Нил Райн мен Тарроза Рохелио және Италия елінен келген ағылшын, италиян тілдерінің маманы, саясаттану ғылымының магистрі Элена Секондо.

Қазіргі таңда шет елден келген жұмысшы жас мамандар Орал қаласындағы М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінде ағылшын тілінен сабақ береді.

Диалогтық кездесудің негізгі мақсаты өзге елдердегі жұмыс күшінің артықшылықтары мен кемшіліктерін талқылау, жұмысшы жастарды әлеуметтік қамсыздандыру жағдайларының айырмашылықтарын анықтау, шет тілдерін үйренудегі мәселелерді көтеру, «Еңбек адамы» сөзінің Халықаралық түсінігін ашу болып табылады.

Сұхбат барысында жұмысшы жастар түрлі бағыттағы сұрақтарды ортаға салды. Солардың бірі Филиппин, Италия елдерінің жұмыссыз жастар үшін жасайтын мүмкіндіктері, ондағы еңбек адамының құқықтары мен қорғалуы тақырыбында сұрақтар қойылды.

Кездесу аясында Италия елінен келген маман Элена Секондо өз елінде жұмысшылардың зейнеткерлікке кеш шығуының нәтижесінде жастардың жұмысқа орналасуының қиын екендігін атап өтсе, ал, филиппиндік профессор Тарроза Рохелио өз елінде мұғалім мәртебесінің жоғары екендігін, өзіндік санаттарға бөліну арқылы жалақы алатындығы туралы айтты.

Сонымен қатар, профессорлар филиппиндегі Кәсіподақ ұйымдары саяси партиялар сияқты күшке ие екендігі туралы ақпарат берді. Шара соңында шетелдік қонақтар қазақстандық жастарға қонақжайлықтары мен достық лебіздері үшін үлкен ризашылықтарын білдірді. Кәсіподақ жастары шетелдік мамандармен ашық, қолжетімді тәжірибелік алаң жасай алды.