Жаңабаевтардың атадан балаға жалғасқан кәсібі

Арыс қаласы маңындағы бұрынғы Қабылсай бекетінде Жаңабай қариядан бастау алған теміржолшылар әулеті тұрады.  Әулеттегі   17  адам теміржолшылықты таңдаған. Бүгінде соның 14-і ы осы кәсіпті жалғастыруда.

Жаңабай қарияның  7 ұлы мен екі келіні және 5 немересі Шымкент, Алматы, Арыс белгі беру және Байланыс дистанцияларында жұмыс істейді. Әулеттің жалпы еңбек өтілі 427 жыл.

Теміржол кәсібін бірінші бастаған Жаңабай қария соғыс уақытында жастай тылда еңбек еткен. Одан соң Арыстағы Теміржолсу мекемесінде 36 жыл жұмыс істеп, зейнетке шықты. Аналары Райхан Қабылсай бекетіндегі теміржолшылар моншасында 17 жылын кассирлікке арнаған.

Үлкен ұлдары Тазабек Жаңабаев – теміржол саласының ардагері, еңбек жолын 1970 жылы бастаған. Арыстағы белгі беру және байланыс стансасында 46 жыл бойы табан аудармай, тер төкті. Қарапайым жол монтерінен бастап, теміржол саласында басшы лауазымына дейін көтерілген. Қазір зейнетте. Екі қызы мен ұлы да әке жолын қуған.

Екінші ұлдары Панзарбек Жаңабаев та 1978 жылы аталған байланыс саласында, 1983 жылдан бері Шымкент жол бөлімшесіндегі диспетчерлік орталықта Арыс- Сарыағаш телімі бойынша электрмеханик. Бір қызы Шымкенттегі Белгі беру, орталықтандыру және бұғаттау дистанциясында жұмыс істейді.

Қара шаңырақта қалған ұлдары Досымбек “Теміржолсу-Арыс” мекемесінде әкесінің бұрынғы қызметін атқарады.  Еңбек жолын 1986 жылы Арыс ШЧ мекемесінде  бастаған Айнабек  1989 жылы Электрмен жабдықтау дистанциясына ауысады. Қазір  ұлымен бірге теміржолшылармен біте қайнасып жұмыс жасайтын Желілік ІІБ-де тәртіп сақшысы.

Жүнісбек пен Кенжебек Арыс ШЧ мекемесіндегі құрылғыларды бақылап өлшейтін пункттің (КИП) электр механиктері.

Бір атап өтерлігі, Жаңабаевтар әулетінің жеке өз футбол командасы бар. Бұл команда белгілі журналист Несіп Жүнісбаев  бастамашы болған  жыл сайынғы “Бір атаның балалары футбол ойнайды” атты республикалық турнирге қатысып тұрады. Тартыс 32 команда арасында өтіп келеді. Жаңабаевтар  турнирге ҚТЖ атыннан қатысатын жалғыз отбасылық команда.

Жаңабаевтар адал  еңбегімен абырой биігіне көтерілген  әулет.  2016 жылы Шымкентте   “Еңбек күні” облыстық форумында   “Үздік еңбек әулеті” атануы  осының дәлелі.

Отбасылық құндылықтарды дәріптеген әулет  2017 жылы “Мерейлі  отбасы” байқауына қатысып, облыс әкімінің грамотасына ие болды. Өмір жолы өнегеге толы Жаңабаевтар отбасы қоғамның байлығы екендігі сөзсіз.