Кеңес отырысында бастауыш кәсіподақ ұйымының мәселелері қаралды

«Алматы облыстық білім және ғылым қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымы» ҚБ Панфилов аудандық филиалы Кеңес отырысын өткізді. Аталған жиынға бастауыш кәсіподақ ұйымдарының төрағалары және филиалдың аппарат қызметкерлері қатысты. Ы. Алтынсарин атындағы орта мектепте өткен шараны Панфилов аудандық кәсіподақ филиалының төрағасы Мақытбек Тұрлыбеков жүргізді.

Кеңес отырысында ҚР «Педагог мәртебесі туралы» Заңы және Панфилов аудандық кәсіподақ филиалының жанынан құрылған Жастар Кеңесінің «Еріктілер» жылына арналған жоспары қаралды.

Кеңес отырысының күн тәртібіне сәйкес филиал төрағасы Мақытбек Тұрлыбеков ҚР «Педагог мәртебесі туралы» Заңының бастауыш кәсіподақ ұйымы мүшелерінің арасында насихатталуы жайында айтып, қабылданған заң бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, бұл Заң барлық бастауыш кәсіподақ ұйымдарында жыл басынан бері талқыланып келе жатқандығын айтып өтті. Аталған заң 74 білім беру мекемесінде қаралды, оның ішінде Панфилов аудандық кәсіподақ филиалы 17 мектепте түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, кездесу өткізгенін жеткізді.

Кезекті мәселе бойынша Панфилов аудандық кәсіподақ филиалының жастар ісі жөніндегі жауапты маманы Ұлжан Нұрбай сөз алып, жас мамандармен жүргізілген жұмыстарды баяндады.

«Панфилов ауданына қарасты білім беру мекемелерінде 29 жасқа дейінгі жас мамандар саны – 786. Оның ішінде Кеңес мүшелері 7 кәсіподақ белсендісімен бекітілген. Жастар жылында Кеңес кәсіподақ мүшелеріне арнап 7 ауқымды іс-шара ұйымдастырды. Оның ішінде дөңгелек үстелдер, кездесулер, байқаулар және «Жайдарман» КТА ойыны уақытылы өткізілді. Аталған шаралар аудандық кәсіподақ филиалының фейсбук парақшасында – 5, орталық комитеттің сайтына – 4, федерация сайтына – 1 мақала жарияланды. Жастар кеңесінің жұмысы облыстық деңгейде жоғары бағаланды», – деді Ұлжан Дәулетханқызы өз ақпаратында.

Жиын қатысушылары тарапынан қойылған сұрақтарға кәсіподақ өкілдері толық жауап беріп, өзара пікір алмасты.