«Педагог мәртебесі туралы» Заңды талқылауға арналған кездесулер өз жалғасын табуда

Ағымдағы жылдың 25 ақпан күні Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында Батыс Қазақстан облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының ұйымдастыруымен «Педагог мәртебесі туралы» ҚР Заңын түсіндіру бағытында облыстық білім басқармасы басшысының орынбасарлары, колледж және мектеп директорлары, облыстық білім беру мекемелері мен мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының басшылары, есепшілері және кәсіподақ белсенділерінің қатысуымен жиын өткізілді.

Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының төрайымы Айгүл Мұқашева және салалық кәсіподақтың құқықтық жұмыстар бөлімінің басшысы Райхан Кидирбаева ҚР «Педагог мәртебесі туралы» Заңы тармақтарымен кеңінен таныстырып, жиынға қатысушылардың қойған сұрақтарына жауап берді.

Жиын соңында салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағының Батыс Қазақстан облыстық ұйымының ұсынысы бойынша облыстық білім беру саласындағы кәсіподақ қозғалысы мен кәсіподақтың дамуына зор үлес қосқан белсенді мекеме басшылары мен белсенді кәсіподақ төрағалары және кәсіподақ мүшелері марапатталды.

Батыс Қазақстан облыстық кәсіподақтар орталығының төрайымы Айгүл Есекенова да жиынға қатысты.

Салалық кәсіподақ төрайымы А. Мұқашева, заңгер Р. Кидирбаева және БҚО білім және ғылым кәсіподағының төрағасы М. Даупаев облыс әкімінің орынбасары С. Егізбаевтың қабылдауында болып, сонымен қатар, облыстық «Акжайық» телеарнасының тікелей эфирінде сұхбат берді. Күн тәртібінің белгіленген жоспарына сай аталмыш түсіндірме жұмыстары Батыс Қазақстан облысының Ақжайық және Жаңақала аудандарында жалғастырылуда.